11:13, 03 Наурыз 2009 | GMT +5
Премьер-Министр құрылысы басталып қойған нысандарды толық аяқтау қажеттігін тапсырды
АСТАНА. Наурыздың 3-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Үкіметтің дағдарысқа қарсы бағдарламасы аясында пысықталған схемаға сәйкес, құрылысы басталып қойған тұрғын үйлер салынып бітуі тиіс.
Бүгін Үкімет отырысында Премьер-Министр Кәрім Мәсімов осындай тапсырма берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Біз таяу уақытта 2009 жылға арналған бюджет бағдарламасының көрсеткіштерін қайта құрылымдайтын боламыз. Құрылыс секторына қатысты мынаны айтқым келеді: «Құрылысы басталып қойған нысандардың барлығы Үкіметтің схемасы бойынша аяқталуы тиіс. Ал басталмағандар үшін жаңа қазаншұқырлар қазбайтын боламыз», деді К. Мәсімов вице-премьер Өмірзақ Шөкеев пен «Самұрық -Қазына» қорының басшысы Қайрат Келімбетовке қаратып айтқан сөзінде. Өз кезегінде Қ. Келімбетов дағдарысқа қарсы бағдарлама аясында жылжымайтын мүлік нарығындағы проблемаларды шешу екі бағыт бойынша жүзеге асып жатқанын атап көрсетті. Біріншісі, Астана мен Алматы қалаларындағы және Алматы облысының аумағындағы салынып бітпеген нысандардың құрылысын аяқтау. Бұл жұмыс құрылыс салушы компанияларды және осындай тұрғын үйлерді сатып алушыларды несиелеу арқылы жүзеге асырылады. «Самұрық-Қазына» мен банктер арасындағы келісімге сәйкес, сәуірдің 15-іне дейін банктер мен құрылыс салушы компаниялар нақты нысандарды, қажетті қаржыны және қаржыландыру тетіктерін көрсете отырып, өтініштерін ұсынулары тиіс. Екінші бағыт бойынша, «Самұрық- Қазына» қорының еншілес кәсіпорны жылжымайтын мүлік қорын құрып, құрылысы аяқталмаған нысандардан пәтерлер сатып алынады.