Премьер-Министр қысқы Азия ойындарында Қазақстан құрамасы табысты өнер көрсету үшін спортшылармен тыңғылықты жұмыс істеуді тапсырды
Ол бұл тапсырманы Үкіметтің бүгінгі отырысында берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Енді 1 жылға толар-толмас уақыттан кейін Астана мен Алматыда 7-ші қысқы Азия ойындары өтеді. Азия ойындарында бізге қарсылас командалар Ванкуверде аяқталған олимпиада ойындарында өте жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Қысқы Азия ойындарында Қазақстан құрамасы жақсы нәтижеге қол жеткізеді деп, Сіз мойныңызға жоғары міндеттеме алғансыз. Сондықтан спортшылармен әлі де жақсылап жұмыс істеу қажет. Азия ойындарында жақсы нәтижелерге қол жеткізуіміз керек», - деді К.Мәсімов.
Осы орайда Үкімет басшысы, спорт министрлігіне еліміздегі бұқаралық спортты дамытуға айрықша көңіл бөлуді тапсырды. «Мен Ванкувер олимпидасының нәтижелері жөніндегі шетелдік сарапшылардың түсініктемесін қарадым. Бұқаралық спортты дамытумен, спорттық алаңдардың болуымен байланысты олардың салыстырмалы талдамалары ТМД аумағындағы біздің әріптестеріміздің де, біздің де пайдамызға шықпай отыр. Мемлекет басшысы Жолдауында бұқаралық спортты, жергілікті жерлердегі спортты дамытуды тапсырды. Бұл қадам әп-сәтте нәтиже бермесе де, оның ұзақ мерзімді перспективадағы маңызы зор. Мен Сізге бұқаралық спортты дамытуға көңіл бөлуді тапсырамын», деді К. Мәсімов Т. Досмұхамбетовке қаратып айтқан сөзінде.
Өз кезегінде Т. Досмұхамбетов алдағы қысқы Азия ойындарында Корея, Қытай және Жапония спортшыларымен бәсекелесу қиынға түсетінін мойындады. «Ванкувердегі олимпиада ойындары Азиядағы спорттың шын мәнінде күшейгенін көрсетіп отыр. Корея, Қытай, Ресейдің алдына түсті. Жапония да жақсы өнер көрсетті. Азия ойындарында біздер үшін олармен бәсекелесу қиынға түседі. Дейтұрғанмен біз жүлделі орындар үшін таласатын боламыз», деді Т. Досмұхамбетов.