Премьер-Министр өңірлерде мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарын пайдалануға беру мерзімін нақытылауды тапсырды

Үкімет басшысының айтуынша, Көлік және коммуникация министрлігі ұсынған деректерге сәйкес ағымдағы жылы Ақтау, Қызылорда, Талдықорған, Петропавл, Астана қалаларында мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарын пайдалануға беру жоспарланған болса, ал 2014 жылы тағы 8 орталықтың құрылысы толығымен аяқталуға тиіс болатын. Ал, Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовтың деректері бойынша биыл тек Ақтау мен Астана қалаларында ғана мұндай орталықтар пайдалануға беріледі.
«Көлік және коммуникация, Ішкі істер министрлеріне әрбір облыс орталықтары бойынша мән-жайды анықтауды тапсырамын. 1 аптаның ішінде 2013-2014 жылдары бізде қандай мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы салынатыны туралы ұсыныс енгізілсін. 2014 жыл соңғы мерзім. Қаржыландыру тетігін айқындаңыздар. Бұл жергілікті, республикалық бюджет немесе тең қаржыландыру болуы мүмкін. Бақылауға алу Бақытжан Әбдірұлына жүктеледі. 1 аптадан кейін нақты ақпарат беріңіздер»,-деді С. Ахметов.