Премьер-Министр Павлодар облысындағы Ақсу ферроқорытпа зауытында болды
Үкімет басшысы онда салынып жатқан жоғары көміртекті феррохром шлагын қайта өңдеу жөніндегі кешеннің құрылыс барысымен танысты және Ақсу ферроқорытпа зауытының агломерациялық фабрикасын аралады.
«Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының аясында маусымның 28-інде біз агломерациялық цехты сынақ режимінде іске қостық. Қазір автоматиканың соңғы жүйелері жөнделуде, айдың соңына қарай біз алғашқы өнімді шығаруды жоспарлап отырмыз. Бұл жобаның бірегейлігі сол, ол таза экологиялық бағытты ұстанады. Өндіріске түсетін барлық шикізат «Қазхромның» комбинаттарында хром және марганец рудаларын өндіру кезінде түзілетін қалдықтардан тұрады. Оның бәрі ферроқорытпа өндірісі үшін агломерацияға түсетін болады. Осылайша, бұл өндініс бізге еліміздің минералдық ресурстарын үнемдеуге, өте мұқият және тиімді жұмсауға мүмкіндік береді»,- дейді зауыт директоры Арман Есенжолов.
Ақсу ферроқорытпа зауытында 6 288 адам еңбек етеді, ал зауыттың өзі 1968 жылдан бері жұмыс істеп келеді және ол бүгінде хромды, кремнийлі және марганец қорытпаларын өндіру жөніндегі әлемдегі жетекші металлургиялық кәсіпорынның бірі болып табылады.
Қуаты 350 мың тонна агромератты (ірілендірілген шихта) құрайтын агломерациялық цех ағымдағы жылдың маусым айында іске қосылған болатын. Ол барынша қалдықсыз өндіріс құру міндетін шешіп отыр. Цехта кокстың, марганец және хром рудаларының еленділері өңделеді. Осы жерде түйіршектелетін шикізат ферроқорытпаның сапасын анағұрлым жақсартуға мүмкіндік береді, дейді мамандар. Жаңа өндіріс жоғары технологиялы, автоматтандырылған және экологиялық тұрғыдан таза.