12:23, 19 Қаңтар 2009 | GMT +5
Премьер-Министр жаңа биометриялық төлқұжатта азаматтың ұлтын белгілеуді тапсырды
АСТАНА. Қаңтардың 19-і. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Бүгін Үкімет үйінде өткен селекторлық кеңестің қорытындысы бойынша ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов Әділет министрлігіне жаңадан беріліп жатқан биометриялық төлқұжатта азаматтың ұлтын белгілеуді тапсырды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Бүгінде қоғамда жаңа төлқұжатта азаматтың ұлты белгіленбеуі жайлы мәселе көтеріліп жатыр. Әр нәрсенің өз орны бар. Сондықтан мен ҚР Әділет министріне жаңадан беріліп жатқан биометриялық төлқұжаттарда азаматтардың ұлтын белгілеуді тапсырамын. Бізде азаматтарды ұлтына қарай бөлуді әлі ешкім жоққа шығарған жоқ», - деді Үкімет басшысы. Кеңестен кейін журналистерге сұхбат берген ҚР Әділет министрі Зағипа Балиева, «осы күннен бастап барлық жаңа төлқұжаттарда азаматтардың ұлты жазылатын болады. Сондықтан бұған дейін берілген төлқұжаттардаң иелері келіп, өз құжаттарына ұлты туралы ақпаратын емін-еркін енгізе алады. Бұған қосымша ақы төленбейді», - деді.Айта кетейік, елімізде жаңа биометриялық төлқұжаттарды беру науқаны ағымдағы айдың басында басталған болатын. Осы уақытқа дейін халыққа 3 мыңға жуық жаңа құжаттар берілді. Оның электронды чипінде азаматтың аты-жөні, туған күні мен жері, азаматтығы, төлқұжаттың нөмірі, құжаттың берілген уақыты мен әрекет ету мерзімі, жеке нөмірі, фотосуреті және төлқұжат иесінің қолы сақталған. Енді осы ақпаратқа құжат иесінің ұлты туралы мәлімет енгізілетін болады.