Премьер-министр: Елдің газ қорын игеруде ұзақ мерзімді стратегия керек
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан өзінің газ қорын тиімді игеру үшін тиісті министрліктер жүйелі жұмыс істеп, ұзақ мерзімді стратегия құра білу керек. Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында осындай тапсырма берді.

- Біздің еліміздің «көгілдір отын» бойынша әлеуеті зор. Табиғи газ қорының расталған көлемі шамамен 4 триллион текше метр. Алайда, оны игеру үшін жүйелі тәсілдер мен жаңа инвестициялар, заманауи инфрақұрылым және ұзақмерзімді стратегия қажет, - деді ол.
Үкімет басшысының сөзінше, бұл істе геологиялық ақпаратты цифрландырудың маңызы зор.
- Бүгінгі таңда еліміз бойынша газдандыру деңгейі шамамен 62,4%-ды құрайды. Газдандырудың бас схемасына сәйкес 2030-шы жылға қарай бұл көрсеткішті 65%-ға дейін жеткізу жоспарланып отыр.
Ол үшін «Бейнеу – Бозой – Шымкент» магистральдық газ құбырының екінші желісі және «Талдықорған-Үшарал» газ құбыры сияқты ірі жобалар іске асырылып жатыр. Оларды үнемі бақылауда ұстау қажет, - деді Олжас Бектенов.
Еске салсақ, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жаңаөзен газ өңдеу зауыты құрылысының кешігуін Үкіметтің өрескел олқылығы ретінде бағалаған еді.