Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Премьер-министр Мемлекет басшысының атынан Тоқтар Әубәкіровті 80 жылдық мерейтойымен құттықтады

АСТАНА. KAZINFORM- Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов Мемлекет басшысының атынан қазақтың тұңғыш ғарышкері, Халық қаһарманы, авиация генерал-майоры Тоқтар Әубәкіровті 80 жылдық мерейтойымен құттықтады.

Тоқтар Әубәкіровтің 80 жылдық мерейтойы
Фото: Үкімет

-Халқымыз өзіңізді әйгілі ғарышкер, көрнекті қоғам қайраткері, отансүйгіш азамат ретінде айрықша қадірлейді. Сіздің еңбек жолыңыз жарқын белестерден тұрады. Біраз жыл кәсіби ұшқыш болып, жаңа әскери ұшақтарды сынақтан өткізіп, ерен ерліктің үлгісін көрсете білдіңіз. Сіз зеңгір көкке көтерілген қазақтың тұңғыш ғарышкері атандыңыз. Еліміздің әлем алдындағы мәртебесін арттыруға, халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға, ұлттық аэроғарыш, қорғаныс өнеркәсібі салаларының дамытуына қосқан үлесіңіз өте мол. Парламент Мәжілісінің депутаты болған кезіңде терең біліміңіз бен өмірлік тәжірибеңізді отандық заңнаманы жетілдіру ісіне арнадыңыз. Алдағы кезеңде еселі еңбегіңіздің жемісін көріп, ел-жұрттың сый-құрметіне бөлене беруіңізге тілектестігімді білдіремін. Сізге мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасыңызға бақ-береке тілеймін, — делінген Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатында, — делінген Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатында.

Олжас Бектенов
Фото: Үкімет

Премьер-министр 1 шілдеде Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы күшіне енгенін атап өтті. Аталған құжат Әділетті мемлекет құру тұжырымдамасын бекітіп, еліміздің одан әрі даму бағдарын айқындайды.

Тоқтар Әубәкіровтің 80 жылдық мерейтойы
Фото: Үкімет

 -Бүгінде Президентіміздің «Әділетті Қазақстан» бастамасына әрдайым қолдау білдіріп, жаңа Конституцияда айқындалған ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру ісіне де аянбай атсалысып жүрсіз. Өйткені, отаншылдық, әділдік, заң мен тәртіп, ерлік пен еңбекқорлық сияқты асыл қасиеттерді жастардың бойына сіңіруде Алаш жұртының адал перзенті, халқымыздың хас батыры ретінде Сіздің алатын орныңыз ерекше, — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Тоқтар Әубәкіров
Фото: Үкімет

Салтанатты іс-шараға аэроғарыш саласының, Қарулы күштер мен Генералдар кеңесінің өкілдері, сондай-ақ отандық және шетелдік ғарышкер-ұшқыштар, сынақшы-ұшқыштар, инженерлер мен конструкторлар қатысты.

Тоқтар Әубәкіровтің 80 жылдық мерейтойы
Фото: Үкімет

Жиынға қатысушылар алдында сөз сөйлеген Премьер-министр ғарыш саласының Қазақстанның технологиялық дамуына қосып отырған маңызды үлесін атап өтті. Елімізде ұлттық спутниктік байланыс және Жерді қашықтан зондтау жүйелері жұмыс істейді, ауыл шаруашылығы, экология және өзге де салалардың қажеттілігі үшін деректерді өңдеу жүйесі жетілдірілуде, сонымен қатар деректерді өңдеу мүмкіндіктері кеңейтіліп, шалғайдағы елді мекендердің интернетке қолжетімділігі артып келеді. Сондай-ақ Байқоңыр ғарыш айлағынан «Сұңқар» зымыран-тасығышының сәтті сынақтық ұшырылуы отандық ғарыш саласының дамуындағы жаңа кезеңнің басталуына жол ашқаны ерекше атап өтілді.

Тоқтар Әубәкіровтің 80 жылдық мерейтойы
Фото: Үкімет

Айта кетейік, 27 шілдеде тұңғыш қазақ ғарышкері, Кеңес Одағының батыры, Халық қаһарманы, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, авиация генерал-майоры Тоқтар Әубәкіров 80 жасқа толды.

Тоқтар Әубәкіровтің 80 жылдық мерейтойы
Фото: Үкімет