Премьер-министр жылу беру маусымына дайындығы төмен өңірлерді сынады
АСТАНА. KAZINFORM — Жылу беру маусымына дайындық бойынша әкімдер тарапынан жоспарлаудың нашар болуы мен қатаң бақылаудың жоқ екені байқалып отыр. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов айтты.

- Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында энергетикалық инфрақұрылым мен коммуналдық шаруашылықты жаңғырту міндетін қойды. Энергетика секторында тозу дәрежесі жоғары болуын ескере отырып, жылыту маусымына дайындық жұмыстары жоспарлы әрі сапалы жүргізілуі қажет. «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы аясында электр станцияларын жөндеу мен жаңғырту үшін биылдың өзінде 377 млрд теңге қаржы бөлінді, бұл өткен жылдан 15%-ға жоғары. Сондай-ақ Үкімет резервінен жылу көздері мен жылу желілерін жөндеуге шамамен 48 млрд теңге қарастырылған. Солтүстік аймақтарда жылыту маусымы басталғанға дейін бір айдан аз уақыт қалды. Алайда, бірқатар өңірде жөндеу жұмыстары уақтылы аяқталмай қалу қауіпі бар, - деді О. Бектенов.
Осы орайда ол әкімдерге жұмысты барынша желдетуді тапсырды. Мәселен, Ақмола облысында Степногорск жылу электр орталығында резервтік қазандықты жөндеу жұмыстары әлі аяқталған жоқ. Маңғыстау облысында 2-ші жылу электр орталығында екі турбинаны жөндеу мерзімі ауыстырылды. Сондай-ақ Ақтау қаласында жылу желілерін жаңғырту жұмыстарының қарқыны төмен.
- Мұндай мәселелер әр өңірде бар. Бұндай жағдайлар әкімдер тарапынан жоспарлаудың нашар болуы мен қатаң бақылаудың жоқ екенін көрсетеді. Кейбір облыстарда қысқа дайындық бойынша Өңірлік штабтардың жұмыстары мардымсыз болып отыр. Тиісті үйлестіру мен бақылауды жүргізу арқылы көп мәселені уақытылы шешуге болады. Биыл мамырда жабдықтарды жөндеу мерзімін негізсіз ауыстыруға жол бермеу тапсырылған болатын. Алайда, «KEGOC» компаниясы энергия көздеріндегі жөндеу жұмыстарының мерзімдерін ұзартуға рұқсат беруді жалғастыруда. Бұл орындаушылық тәртіптің төмендігін және тиісті бақылаудың жоқ екенін көрсетеді. Мерзімдерді бұзу немесе оларды негізсіз ауыстырудың әрбір фактісі бойынша Энергетика министрлігі қатаң шаралар қабылдауы қажет, - деді Үкімет басшысы.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Үкіметте жылу беру маусымына дайындығы төмен өңірлер аталды.