Президент «Адал азамат» бағдарламасын педагог мамандар даярлайтын ЖОО-ларда да енгізуді ұсынды

АСТАНА. KAZINFORM – Ұлттық білім саласындағы тәрбие жұмысында біртұтас жүйе болуы керек. Бұл туралы елордада өтіп жатқан ұстаздардың республикалық тамыз конференциясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

Билікте «отбасылық жүйе» жоқ – Президент
Фото: Ақорда

- Білім тәрбиемен ұштасқанда ғана берекелі, сапалы болады. Білім мен тәрбие – кез келген қоғамның қос тұғыры. Бұл екеуін бір-бірінен бөліп қарауға болмайды. Мектеп – білім мен тәлім-тәрбиенің киелі ордасы. Ұлы Абай «Адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ» деген. Өскелең ұрпақты білімпаздыққа баулу қаншалықты маңызды болса, оларға дұрыс жол көрсету, бағдар беру де соншалықты маңызды. Біз жастардың адал әрі еңбекқор болып өсуіне ерекше мән беруіміз қажет. Ұл-қыздарымыз жақсы мен жаманның, ақ пен қараның арасын ажырата білуі керек, - деді Мемлекет басшысы.

Президенттің атап өтуінше, биылдан бастап елімізде «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы жүзеге асырыла бастайды. Бұл бағдарламаны барлық мектеп, соның ішінде жекеменшік мектептер де қолданады.

- Сондай-ақ, мен осы жобаны педагог мамандар даярлайтын жоғары оқу орындарына да енгізуді ұсынамын. Ұлттық білім саласындағы тәрбие жұмысында біртұтас жүйе болуы керек. Жас ұрпақтың бойына жалпыұлттық құндылықтарды сіңіру қажет. Әрбір жас отаншыл, жасампаз, жаңашыл, білімпаз, еңбекқор, ұқыпты, үнемшіл болып өсуі керек. Сондай азаматтар ғана мәдениетті, қауіпсіз әрі «Заң мен тәртіп» үстемдік құратын қоғамның іргесін қаламақ, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының пайымынша, мұғалімдер мемлекеттік маңызы бар жұмысты атқарып жатыр. 

Дегенмен, ұстаздың назары бала оқыту ісінде болуға тиіс. 

Соңғы жаңалықтар