Президент әкімшілік әділет мәселелері жөніндегі заңға қол қойды
АСТАНА. KAZINFORM - Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әкімшілік әділет, норма шығару және заң көмегін ұйымдастыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.
Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Заңның мәтіні баспасөзде жарияланады.
Айта кетейік, Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әкімшілік әділет, норма шығару және заң көмегін ұйымдастыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң 2 оқылымда қаралып, мақұлданды.
— Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитеті «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әкімшілік әділет, норма шығару және заң көмегін ұйымдастыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңын екінші оқылымда кеңейтілген отырыста қарап, заңның мынадай маңызды ережелерін атап өтеді. Біріншіден, заң Азаматтық процесстік кодексінен жария-құқықтық даулардың жекелеген санаттарын алып тастап, оларды Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексіне ауыстыра отырып, әкімшілік әділет аясын кеңейтеді, — деді құжат бойынша негізгі баяндама жасаған сенатор Мұрат Қадырбек.
Оның айтуынша, аталған ауыстыру Қазақстан Республикасы Конституциялық соты қызметінің ерекшеліктерін, сондай-ақ конституциялық сот ісін жүргізу мен заңға тәуелді нормативтік құқықтық актінің заңдылығына дау айту туралы істер бойынша іс жүргізудің нақты ара жігін ажырату қажеттігін ескере отырып жүзеге асырылады. Тиісті түзетулер қабылданған жағдайда, өзіне қатысты қолданылатын заңға тәуелді нормативтік құқықтық акт қабылданған кезде (не оның жекелеген ережелерімен) құқықтары мен заңды мүдделері бұзылды деп есептейтін кез келген азамат немесе заңды тұлға мұндай актіні даулап, әкімшілік сотқа талап арызбен жүгінуге құқылы.
— Екіншіден, механикалық көлік құралдары мен олардың тіркемелеріне міндетті техникалық байқаудың бірыңғай ақпараттық жүйесі операторының техникалық байқау операторының құзіреттеріне қатысты өкілеттіктері бойынша «Жол жүрісі туралы» Заңға түзетулер енгізіледі, — деді ол.
Сенатордың атап өтуінше, үшіншіден, заңда әкімшілік рәсімдердің тәртібін одан әрі жетілдіруге бағытталған бірқатар өзгерістер мен толықтырулар көзделген. Олардың қатарында дауларды сотқа дейінгі тәртіппен қарау; өтініштерді қабылдау, тіркеу және қайтару рәсімдері; әкімшілік рәсімнің мерзімдерін нақтылау және оларды есептеу тәртібі мәселелері бар.