Президент АҚШ Сауда палатасы өкілімен кездесті
АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекет басшысы АҚШ Сауда палатасының Таяу Шығыс, Түркия және Орталық Азия істері жөніндегі аға вице-президенті Хуш Чоксиді қабылдады. Бұл туралы Ақорда мәлім етті.
Әңгімелесу барысында Мемлекет басшысы Қазақстанның Президент Дональд Трамп Әкімшілігімен сындарлы ықпалдастықты нығайта түсуге әзір екенін растады. Сондай-ақ Қазақстан мен АҚШ арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық серіктестіктің стратегиялық сипатына айрықша назар аударды.
Президент Қазақстанның америкалық бизнес үшін қолайлы инвестициялық климат жасауға бейіл екенін атап өтті.
— Қасым-Жомарт Тоқаев пен Хуш Чокси ықпалдастықты кеңейту, соның ішінде аса маңызды минералдарды игеру, энергетика, цифрлық инфрақұрылым, жасанды интеллект, өзара көлік байланысы, озық технологиялар, ауыл шаруашылығы және қаржы қызметтері перспективасын талқылады, — делінген хабарламада.
Хуш Чокси байланыстарды одан әрі дамыту әлеуетінің жоғары екеніне тоқталып, өзара қызығушылық тудырған бірқатар салада бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайын екенін жеткізді.
Бұған дейін Мемлекет басшысы ЕҚДБ президенті Одиль Рено-Бассоны қабылдады.
Президент VEON компаниялар тобының бас атқарушы директоры Мухтерем Каан Терзиоглуды қабылдады. Кездесу барысында цифрландыру және жасанды интеллект технологиясын енгізу мақсаттарына сай телекоммуникация нарығын дамыту перспективасы талқыланды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда ұзақ жылдан бері қызмет етіп келе жатқан VEON компаниясының отандық телекоммуникацияны және цифрлық экожүйені өркендетуге қосқан үлесін жоғары бағалады.