Президент Ақтаудағы жол битумын өндіру зауытын іске қосты
АСТАНА. 20 желтоқсан. ҚазАқпарат - Бүгін Астанадағы Тәуелсіздік сарайында өтіп жатқан Индустрияландыру күні барысындағы жалпыұлттық телекөпір аясында ҚР Президенті Н. Назарбаев Ақтаудағы тұңғыш жол битумын өндіру зауытын іске қосты.
Бұл - «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы мен қытайлық «Сити групп» компаниясының бірлескен жобасы.
Зауыт өкілдерінің айтуынша, ол қоршаған ортаға еш зияны жоқ, экологиялық таза кәсіпорын болып табылады.
«Бұл зауытты салу үшін біз Қытай басшыларымен көптеген келіссөздер жүргіздік. Оңай болған жоқ. Енді, міне, елімізде салынып жатқан барлық жолдар өзімізде өнірілген битуммен толық қамтамасыз етілетін болады», - деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Бұл - ҮИИД Мембағдарламасының ең ірі жобаларының бірі. Жаңа зауыт битум импортынан құтылуға ықпал етеді. Кәсіпорын жылына 450 тонна жол битумын шығарады деп жоспарлануда. Оған шикізат ретінде Маңғыстау облысындағы Қаражанбас мұнайын қолдану қарастырылған.