Президент Алар Карис: Қазақстан – Эстонияның Азияға кірер қақпасы
АСТАНА. KAZINFORM — Астанада Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Эстония Президенті Алар Каристі қарсы алу рәсімі өтті. Бұл өз кезегінде екіжақты қарым-қатынасты дамытуға тың серпін берді десек болады. Kazinform агенттігіне берген сұхбатында эстон көшбасшысы ынтымақтастықты кеңейтуге қатысты пікір білдірді.
- Президент мырза, Қазақстанға қош келдіңіз! Қазақстан-Эстония қарым-қатынасының қазіргі деңгейін қалай бағалар едіңіз? Екі ел ынтымақтастықтың қай салаларында өз әлеуетін толық пайдаланбай отыр?
- Ең алдымен, Қазақстан мемлекетіне алғысымды жеткізгім келеді. Астанада болу - үлкен құрмет. Осымен Қазақстанға екінші рет сапармен келдім, бұған дейін 2011 жылы болған едім. Содан бері біраз уақыт өтіпті. Осы жолы Президент ретінде алғаш рет сапарладым. Мемлекеттік сапарымда менімен бірге 40-тан астам компанияның өкілінен тұратын сегіз бизнес делегация еріп жүр. Қазіргі уақытта біздің қарым-қатынасымыз өте жақсы деңгейде.
Екі ел де бір-бірі үшін маңызды міндет атқарады: Қазақстан – Эстонияның Азияға қақпасы. Бизнес серіктестігімізді нығайтуға тырысып жатырмыз. Қазіргі кезде оның көлемі шамамен 50 миллион еуро ғана. Бірақ оны дәстүрлі салаларда да, deep-tech және жасанды интеллект сияқты жаңа салаларда да кеңейткіміз келеді, бұл да мен үшін маңызды тақырып. Бірнеше өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойдық, сондықтан алдағы жылдары ынтымақтастығымыздың белсенді түрде дамитынына сенімдімін.
-Эстония -Еуропада цифрлық трансформация саласындағы көшбасшылардың бірі. Президент Тоқаевтың Digital Kazakhstan 2.0 бағдарын ескере отырып, Қазақстанмен бірлескен жобалардың негізін қандай тәжірибелер немесе технологиялар құра алады?
Әрине, бұл салада Қазақстанға өз тәжірибемізді көрсете аламыз, яғни Үкіметке де, қоғамға да қызық жобалар бар. Цифрландыруды шамамен 30 жыл бұрын бастадық және уақыт өте келе не істеу керектігін тағы бір нақтылап алдық.
Бүгінде Эстонияның бүкіл саласы цифрландырылған, яғни барлық қызмет онлайн режимінде қолжетімді. Тіпті, онлайн режимде некеге тұруға болады. Бұл өз кезегінде азаматтарға ыңғайлы. Бірақ мұндай жүйенің жұмыс істеуі үшін көшбасшылық пен сенім өте маңызды: мемлекет пен технологияға сенім бар. Сондай-ақ ерте кезеңнен цифрлық жеке куәліктерді міндетті деп таныдық. Осы қадам бұл салада үлкен рөл атқарды.

Тағы бір маңызды қадам - Tiger Leap жобасы, оның аясында барлық мектепті компьютермен қамтамасыз етіп, балалардың цифрлық сауаттылығын дамытуды бастадық. Бұл цифрландыруды одан әрі жеңілдетті.
Қазіргі кезде барлығы жасанды интеллект туралы айтып жатыр. Қазақстан бұл бағытта ауқымды жұмыс атқарып отыр, біз де алға жылжып келеміз. Эстонияда «AI Leap» бастамасын іске қосып, оны мектептерден бастадық. Мұғалімдер мен оқушыларға жасанды интеллектіні қалай пайдалану керек екенін үйретеміз. Балаларға тегін жасанды интеллект платформаларын ұсыну және оларды мектептерде пайдалануға бейімдеу үшін Google мен Microsoft сияқты ірі әлемдік компаниялармен серіктестік орнатып жатырмыз. Бұл қадамдарды биыл бастадық және осы сала Қазақстанмен ынтымақтастықтың тағы бір бағыты болуы мүмкін.
- Жаһандық турбуленттілік жағдайында елдердің көбісі өздерінің экономикалық бағыттарын қайта қарастырып жатыр. Еуропа мен Азия арасындағы көлік, логистика және инвестициялық торап ретіндегі Қазақстанмен Эстония жағы қарым-қатынасты қалай нығайтпақ?
- Менімен бірге келген делегацияның құрамында логистика мен көлік саласында жұмыс істейтін бірқатар компания бар және олар Қазақстанда біраз уақыттан бері жұмыс істеп келеді. Эстонияда өте ыңғайлы айлақтар мен порттар бар. Бұл саладағы ынтымақтастық осы сапарымыздың маңызды элементі десек болады. Сондай-ақ порт саласындағы ынтымақтастық туралы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойдық. Қазақстан теңізге шыға алмайтын мемлекет болғандықтан, елдің экономикалық қызметін жеңілдететін қолжетімділік пен мүмкіндіктерді ұсына аламыз.
- Қазақстан «орта державалардың» қатарында және көпвекторлы сыртқы саясатты жүргізіп жатыр. Еуропадағы және Еуразия қауіпсіздігін нығайтудағы Қазақстанның рөлін қалай бағалайсыз?
- Менің ойымша, Қазақстан бұл бағытта жақсы жұмыс істеп жатыр. Қазақстан екі ірі державаның - Қытай мен Ресейдің арасында орналасқан. Әрбір ел әлемдегі қазіргі жағдайды ескере отырып, өз бағдарын айқындап жатыр. Бұл ахуал Қазақстанға да, Эстонияға оңай емес.
Сондықтан бәріміз әлем елдеріндегі қақтығыстардың алдағы жылдары аяқталғанын қалаймыз. Қазақстан Президентімен Біріккен Ұлттар Ұйымының рөлін және оны тиімдірек ету үшін реформалау қажет екенін атап өттік. Соғыс пен қақтығыстардың алдын алу мәселесіне тоқталсақ, бұл бағытта БҰҰ-ның басқа баламасы жоқ.
- Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесіп, шағын құрамда келіссөз жүргіздіңіз. Осы кездесуді қалай сипаттар едіңіз?
- Өте нәтижелі пікір алмасу болды. Алдымен, делегацияларымызбен, содан кейін Президент Тоқаевпен жеке сөйлестім. Кең ауқымды мәселелерді талқыладық. Бұл тұрғыда осы және алдағы сапарлар, геосаяси жағдай мен екіжақты ынтымақтастықты қарастырдық. Пікір алмасу ашық және сындарлы болды, ұстанымдарымыз толығымен сәйкес келді.
- Орталық Азия бүгінде ЕО үшін стратегиялық өңірге айналды. Осы орайда Орталық Азия мен Еуропа одағы арасындағы диалогте қандай мүмкіндіктерді көріп отырсыз? Еуропаның бұл өңірдегі ең ірі экономикалық серіктесі ретінде Қазақстан осы процесте қандай рөл атқарады?
- Сіз айтқандай, Еуропа - Қазақстанның ең ірі экономикалық серіктесі және бұл ынтымақтастық тек күшейе түседі. Әрине, елдерімізді одан әрі жақындату үшін шешім жасайтын тақырыптар бар. Бұл ретте, тарифтер мен виза талаптары сияқты мәселені қарастыру керек. Еуропа - Қазақстан үшін үлкен нарық, ал Қазақстан - Еуропа үшін маңызды серіктес. Сондай-ақ Қазақстан мен Еуропа арасында жаңа транзиттік бағыттарды дамытып жатырмыз. Сондықтан ынтымақтастығымыз дұрыс бағытта жүріп жатыр деп санаймын.
- Азаматтарымыз үшін Шенген визасын алу процесі туралы не ойлайсыз? Болашақта оны жеңілдету мүмкін бе?
- Бұл мәселе кешегі кездесуімізде де талқыланды. Виза рәсімдерін жеңілдету бойынша жұмыс істеуіміз керек, себебі адамдар кездесіп, байланыс орнатып, ынтымақтастықты нығайтуға ықпал ету маңызды. Цифрлық дәуірдің өзінде де бетпе-бет сөйлесудің тиімділігі зор. Қазақстан азаматтарының Эстонияға, ал эстондықтардың Қазақстанға емін-еркін сапарлауын қалаймыз.
Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойған салалардың бірі - жоғары білім беру бағыты. Менімен бірге алты университеттің ректоры келіп, болашақ мүмкіндіктерді, студенттер алмасуды және зерттеушілер мен ғалымдар арасындағы ынтымақтастықты талқылау үшін қазақстандық ректорлармен кездесті.
Біздің қарым-қатынасымыз - өте жақсы деңгейде. Бұл сапар ынтымақтастығымызды нығайтып, екіжақты қарым-қатынасымызға тың серпін береді деп сенемін. Осыған дейін айтқанымдай, Қазақстан - Эстонияны Азияға шығаратын қақпасы. Енді, Эстония - Қазақстанның Еуропадағы қақпасына айналады деп үміттенеміз.
Бұдан бұрын Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізге мемлекеттік сапармен келген Эстония Президенті Алар Каристы қарсы алғанын жазған едік.
Кейіннен Қазақстан мен Эстония президенттері келіссөз жүргізді.
Президент Қазақстан Эстонияны Балтық өңіріндегі, сондай-ақ жалпы Еуропалық одақтағы өте маңызды әріптес ретінде қарастыратынын атап өтті.