Президент: Алатау қаласына қатысты мәселені шешу үшін барлық жағдай жасалып жатыр

АСТАНА. KAZINFORM –Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алатау қаласын дамыту жөніндегі кеңесте сөз сөйледі. Бұл туралы Ақорда хабарлады.

Президент
Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт ТоқаевАлатауды ресми түрде бірегей құқықтық мәртебесі бар «қарқынды дамитын қала» деп атауға болатынын атап өтті.

- Жалпы, Алатау қаласына қатысты кез келген мәселені жедел шешу үшін барлық қажетті жағдай жасалып жатыр. Қазірдің өзінде қаланың сапалы дамуына жол ашатын құқықтық негіз толық қалыптасты деп айтуға болады. Соның аясында салық жеңілдіктері ұсынылды, бақылау және реттеу тетіктері де бизнес жүргізу үшін оңтайлы бола түсті. Бұдан бөлек, осы қалада жұмыс істейтін кәсіпкерлердің құқықтары жан-жақты қорғалады, сондай-ақ, цифрлық активтерді дамыту үшін қолайлы жағдай жасалады. Сондықтан бүгінде Алатауды ресми түрде бірегей құқықтық мәртебесі бар «қарқынды дамитын қала» деп атауға болады, - деді Президент.

Президент инвестиция тарту жұмысы белсенді түрде жүргізіліп жатқанын атап өтті. Жыл басынан бері облыс экономикасына 266,2 миллиард теңге инвестиция салынған.

- Негізі, облыстың даму қарқыны жаман емес. Тиісті жұмыс істеліп жатыр. Былтыр өңірлік жалпы өнім көлемі 6,7 триллион теңге болып, 5,4 пайызға өсті. Қаңтар-сәуір айларындағы қысқа мерзімді экономикалық көрсеткіш бойынша аймақ 5 орында тұр. Инвестиция тарту жұмысы белсенді түрде жүргізіліп жатыр. Жыл басынан бері облыс экономикасына 266,2 миллиард теңге инвестиция салынды. Өнеркәсіп өндірісінің көлемі шамамен 900 миллиард теңгеге жетті. Бірақ аграрлық сектордың әлеуеті әлі де толық игерілмей жатыр. Биылғы 4 айдың нәтижесі бойынша ауыл, орман және балық шаруашылығының нақты көлем индексі 101,2 пайыз болды, - деді Мемлекет басшысы.

Алатау қаласы құрылысының негізгі қағидалары жаңа Конституцияға енгізілді.