Президент әлем чемпионатында үздік нәтиже көрсеткен жас дзюдошыларды құттықтады
АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекет басшысы қазақстандық дзюдошыларды жастар арасындағы әлем чемпионатында табысты өнер көрсетуімен құттықтады. Бұл туралы Ақорда хабарлады.
Қасым-Жомарт Тоқаев Эквадордың Гуаякиле қаласында өтіп жатқан дзюдодан жастар арасындағы әлем чемпионатында Қазақстан құрамасын аралас командалық жарыстағы айтулы жеңісімен, ал Ғабит Расулханды, Фатима Сұпығалиеваны, Әділжан Жаудиновті жекелеген сында алтын медальға ие болуымен құттықтады.
Президент жас чемпиондардың спорттағы жолы жарқын болуына және жаңа биіктерді бағындыра беруіне тілектестік білдірді.
Қазақстандық дзюдошылар әлем біріншілігінде 4 алтын, 3 күміс және 4 қола – барлығы 11 медаль жеңіп алып, отандық дзюдо тарихындағы үздік нәтижеге қол жеткізді.
Кеше кешкісін Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық дзюдо федерациясының президенті Мариус Визермен сөйлесті.
Ұйым жетекшісі Мемлекет басшысын балуандарымыздың әлемдік жастар турниріндегі бұрын-соңды болмаған бірегей жеңісімен құттықтады.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Туризм және спорт министрлігімен, сондай-ақ ұлттық федерациямен сындарлы ынтымақтастық орнатқаны үшін халықаралық ұйымның басшысына ризашылығын білдіріп, соның нәтижесінде елімізде дзюдо күресі кеңінен дамып келе жатқанына тоқталды.
Қазақстан құрамасы дзюдодан Эквадорда өткен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатының аралас-командалық жарысында жеңімпаз атанып, тарихи нәтижеге қол жеткізгенін жазған едік.
Фатима Сұпығалиева Қазақстан тарихында дзюдодан қыздар арасында тұңғыш әлем чемпионы атанды.