Президент Әлия Молдағұлованың мемориалдық ескерткіш кешеніне гүл шоғын қойды
АСТАНА. KAZINFORM - Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың мемориалдық ескерткіш кешеніне гүл шоғын қойып, оның рухына бір минут үнсіздікпен тағзым етті.

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Биыл қазақтың қайсар қызының туғанына 100 жыл толды.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы Ақтөбе облысына сапары барысында Әлия Молдағұлованың ескерткіші жанында жергілікті жұртшылықпен кездесті.

– Әлия Молдағұлова – халқымыздың қайсар қызы. Бүгін 100 жылдығына орай арнайы келдім. Бұл, ең алдымен, азаматтық борышым. Тағзым ету үшін келіп отырмын. Баршаңызға көп рақмет. Әлияның есімін халқымыздың арасында, шетелде кең ауқымда дәріптеуіміз керек. Ол – біздің мақтанышымыз. Сондықтан оның есімі біздің жадымызда мәңгі сақталады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ Президент қазіргі алмағайып заманда бірлікті, татулықты сақтау өте маңызды екеніне назар аударды.
Осыған дейін Президенттің Ақтөбе облысына барғаны туралы жаздық.
