Президент Алматының жоғарғы бөлігінде көппәтерлі тұрғын үй салуға мораторий енгізуді тапсырды

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Мемлекет басшысы Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалдыны қабылдады. Бұл туралы Ақорда мәлім етті.

Президент Алматы әкіміне шаһардың жоғарғы бөлігінде көппәтерлі тұрғын үй салуға мораторий енгізуді тапсырды
Фото: Ақорда

Дархан Сатыбалды шаһардың әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен алдағы жоспарлары туралы баяндады. 

Қала әкімінің айтуынша, биылғы бірінші жартыжылдықта қысқамерзімді экономикалық индикатор 11 пайызға өскен. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 25,4 пайызға артқан. 

Қаланың орталық бөлігіне түсетін жүктемені азайтуға, инфрақұрылымды теңгерімді бөлуге және қалада жайлы орта қалыптастыруға бағытталған полицентристік даму барысы жөнінде мәлімет берді. Аудандар арасындағы тиімді байланыс пен қоғамдық көлік қызметін жақсартатын транспорт жүйесін құру мәселесіне ерекше назар аударылды. 

Қасым-Жомарт Тоқаев қала әкіміне шаһардың жоғарғы бөлігінде көппәтерлі тұрғын үйлер салуға және аумақты тарылтатын құрылыс жүргізуге мораторий енгізуді тапсырды. 

Бұл шектеу Бас жоспарда қарастырылған әлеуметтік нысандар мен туристік кластер жобаларына қатысты емес. Бас жоспарға табиғи ортаны қорғауды күшейтуге, қаланы жүйелі дамытуға және тау бөктеріндегі құрылыстың алдын алуға арналған өзгерістерді уақыт оздырмай енгізу міндетін жүктеді.

Бұған дейін хабарланғандай, Президент пен Антониу Гутерриш Алматы қаласындағы БҰҰ өңірлік орталығында сөз сөйледі.

Соңғы жаңалықтар