Президент Алматы әуежайының жаңа халықаралық терминалын аралады

әуежай
Фото: Ақорда

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алматыға жұмыс сапары қала әуежайының жаңа халықаралық терминалын аралап көруден басталды.

Мемлекет басшысына терминалдың ашылуы қарсаңында құрылыстың қалай жүргізілгені жөнінде баяндалып, жолаушыларды тіркеу, шекара және кедендік бақылау аймақтары, жүк бөлімі таныстырылды.

алматы
Фото: Ақорда

«Алматы халықаралық әуежайы» АҚ президенті Альп Эр Тунга Эрсой сейсмикалық және өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтай отырып салынған терминал магнитудасы 10 балға дейінгі жер сілкінісіне төтеп бере алатынын айтты.

Ғимараттың жалпы ауданы — 53,5 мың шаршы метр, жылына 14 миллион жолаушыға қызмет көрсете алады.

Жаңа терминал Орталық Азияда бірінші болып Excellence in Design for Greater Efficiencies (EDGE) бағдарламасы бойынша сертификат алады.

президент
Фото: Ақорда

Жолаушылар мен авиакомпаниялар санының өсуін ескере отырып, 50 тіркеу бағаны жұмыс істейтін болады. Ол үшін жаңа жабдықтар сатып алынған. Терминалда мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін толықтай жағдай жасалған.

Бұдан кейін Президент әуежайдың жаңа VIP-терминалын аралап көрді.

Мемлекет басшысы қала және ел туралы алғашқы әсер әуежайдан қалыптасатынын атап өтті.

әуежай
Фото: Ақорда

— Алматы халықаралық әуежайы — еліміздегі ең ірі әуе айлағы. Оңтүстік астанамызды тамашалайтын туристер саны жыл сайын артып келеді. Былтыр қалаға 2 миллионнан астам турист келіп-кеткен. Осыдан екі жыл бұрын құрылыс орнына капсула салу рәсіміне қатысып едім. Ал ертең, міне, Алматы халықаралық әуежайының жаңа терминалы алғашқы рейстерге қызмет көрсетпек, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент терминал құрылысын халықаралық стандарттарға сай жүргізгені үшін TAV GROUP компаниясына, сондай-ақ Алматы үшін осындай маңызды жобаға атсалысқан кредиторлар концорциумы — Еуропалық қайта құру және даму банкіне, Халықаралық қаржы корпорациясына және Еуразиялық даму банкіне алғыс айтты.

алматы
Фото: Ақорда
Акорда
Фото: Ақорда
әуежай
Фото: Ақорда

 

Соңғы жаңалықтар