Президент: Алматы – қазақ елінің ғана емес, түркі мемлекеттерінің де рухани ордасы
АСТАНА. KAZINFORM – 18 тамызда Алматыда Түркі мемлекеттері ұйымының (ТМҰ) IV Халықаралық жастар фестивалінің ресми ашылу салтанаты өтті. Іс-шара барысында қалаға «2025 жылғы Түркі әлемінің Жастар астанасы» мәртебесі берілді, деп хабарлайды KAZINFORM ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Фестивальдің салтанатты ашылуына Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қатысып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы құттықтау хатын оқып берді.
– Алматы – азаттығымыздың алтын бесігі, жасампаз жастардың құтты мекені. Өркениетіміздің өрісін кеңейтуге өлшеусіз үлес қосқан көптеген ұлы тұлғаларымыз осы қалада өсіп-өнген. Шын мәнінде, төл мәдениетіміздің темірқазығына айналған шежірелі шаһар қазақ елінің ғана емес, түркі мемлекеттерінің де рухани ордасы саналады. Бүгін асқаралы Алатаудың баурайында түбі бір түркі жұртының білімпаз, дарынды әрі белсенді жастары бас қосып отыр. Іргелі іс-шара аясында жаңа достар тауып, тың идеялар мен жобаларды жүзеге асырасыздар деп сенемін. Өрендеріміздің бірлігі бекем болса, түркі әлемінің тұғыры мығым, болашағы жарқын болары сөзсіз. Қазақстан бауырлас халықтардың игі бастамаларына үнемі қолдау көрсетіп келеді. Біз елдеріміздің арасындағы жан-жақты ықпалдастықты нығайтуға айрықша мән береміз. Астанада Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының өтуі, Ақтаудың Түркі әлемінің мәдени астанасы және Алматының Түркі жастарының астанасы атануы – соның айқын дәлелі, – делінген Президенттің құттықтауында.
Аида Балаева Алматының мәдениет пен ғылымның, білім мен инновацияның тоғысқан орталығы екенін атап өтті. Оның айтуынша, қала бүгінде түркі әлемінің жас көшбасшылары мен шығармашыл өкілдері үшін жаңа идеялар мен серіктестіктің ордасына айналуда.
ТМҰ Бас хатшысы Кубанычбек Омуралиев те арнайы қатысып, мәртебелі атақты Ленкорань қаласынан Алматыға табыстау – тарихи сәт екенін айтты.
– Бүгін біз Түркі әлемінің Жастар астанасы атағын Ленкорань қаласынан қарқынды дамып келе жатқан Алматы қаласына табыстау сәтінің куәсі болып отырмыз. Бұл қадам ортақ құндылықтарымыздың сабақтастығын, сондай-ақ болашақ Түркі әлемін қалыптастырудағы жастардың өсіп келе жатқан рөлін айқын көрсетеді. Алматы қаласына бұл мәртебе ТМҰ-ға мүше елдердің Жастар және спорт министрлерінің VIII отырысының шешімі негізінде берілген болатын. Қаланың заманауи мәдени өмірі, белсенді білім беру мекемелері және ынталы жастары – Түркі әлемінің жаңа буынының әлеуетінің жарқын көрінісі, – деді ол.
Алматы әкімі Дархан Сатыбалды да жастарға арнаған сөзінде бұл мәртебенің сенім мен болашаққа деген уәдені білдіретінін айтты.
– Алматы – түркі елдерінің жастары бас қосатын, ортақ мұраттар тоғысатын, мәдениетіміз бен дәстүріміз жаңғыратын үлкен ортаға айналуда. Бұл мәртебе – тек атақ емес, болашаққа деген сенім. Түркі жастарының үні Алматыдан естіліп, идеялары бастау алып, достығы осы шаһарда нығайсын! Алматы – ортақ үйіміз, түркі жастарының шамшырағы әрі болашақтың орталығы, – деді әкім.
Салтанатты рәсімде Әзербайжанның Ленкорань қаласының өкілдері Алматы жастарына «Жастар астанасы» кілтін табыстап, бауырластық эстафетасын жалғастырды. Абылай алаңында өткен мерекелік іс-шарада қала тұрғындары мен қонақтарына эстрада жұлдыздары мен шығармашылық ұжымдардың қатысуымен концерт ұсынылды.
Фестиваль 19 тамызға дейін жалғасады. Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдер – Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Түркия және Өзбекстан делегаттары жастар саясаты, кәсіпкерлік, азаматтық белсенділік және әлеуметтік бастамаларды дамыту тәжірибелерімен бөліседі. Сондай-ақ жас көшбасшылар мен кәсіпкерлердің кездесуі өтеді.
Айта кетейік, Анкара 2026 жылы түркі әлемінің туризм астанасы болады.