Президент архиві ICA Barcelona 2025 халықаралық конгресінде өз тәжірибесін таныстырды

АСТАНА. KAZINFORM – Барселонада ICA Barcelona 2025 «Knowing Pasts, Creating Futures» тақырыбында Халықаралық архивтер конгресі жұмысын бастады.

Президент архиві ICA Barcelona 2025 халықаралық конгресінде өз тәжірибесін таныстырды
Фото: Президент архиві

Әлем архившілерінің ең ірі кәсіби басқосуына ҚР Президенті архивінің директоры Әлия Мұстафина бастаған делегация қатысуда.

Конгресс 27-30 қазан аралығында өтеді, форум ондаған елден келген архившілер, зерттеушілер мен сарапшыларды біріктіріп отыр. Бағдарлама аясында пленарлық отырыстар, тақырыптық сессиялар, семинарлар мен шеберлік сабақтары ұйымдастырылған. Негізгі тақырыптар – архивтерді цифрландыру, жасанды интеллектіні қолдану, деректердің ашықтығын қамтамасыз ету және архив қорларының сақталуын жетілдіру.

Форумның алғашқы күні Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің делегациясы Халықаралық архивтер кеңесінің сандық және физикалық жазбаларды басқару жөніндегі сарапшылар тобы – Expert Group on Managing Digital and Physical Records ашық отырысына қатысты. Бұл топқа әлемнің жетекші архив мамандары кіреді.

Талқылау кезінде қатысушылар архивтерді цифрлық форматқа көшіру кезінде туындайтын негізгі қиындықтарды атап өтті. Атап айтқанда, сандық және дәстүрлі архивтердің өзара байланысын қамтамасыз ету, деректерді ұзақ уақыт сақтап қалу, ақпараттың қауіпсіздігі мен сенімділігін сақтау, оны кибершабуылдар мен техникалық ақаулардан қорғау қажеттігі сөз болды.

Сарапшылар ерекше назарды адам факторына аударды. Көпшіліктің пікірінше, ІТ-шешімдерді сәтті енгізу тек технологияларға ғана емес, сонымен қатар архив қызметкерлерінің кәсіби дайындығына байланысты. Бұған процестерді дұрыс ұйымдастыру, жобаларға ерте кезеңнен қатысу және ұйым ішіндегі өзгерістерді тиімді жүзеге асыру қабілеті жатады.

Айта кетейік, ҚР Президентінің Архиві 2023 жылдан бастап Халықаралық архивтер кеңесінің (ICA) мүшесі. Архив отандық тәжірибені әлемдік деңгейде таныстырып қана қоймай, халықаралық әріптестікті белсенді дамытып келеді.

Айта кетейік, Шерхан Мұртазаның 6 мың беттік мұрасы Ұлттық архив қорына табысталды.

Соңғы жаңалықтар