Президент бағаның күрт өсімін тежеуге қатысты тапсырма берді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Көкөніс қоймаларының инфрақұрылымын құру бағытында бизнеске көмектесу қажет. Бұл туралы елдің әлеуметтік-экономикалық мәселелері жөніндегі кеңейтілген кеңесте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Президент көкөніс қоймаларының, көтерме-тарату орталықтарының және ауылдық сервистік өткізу кооперативтердің инфрақұрылымын құру бағытында бизнеске көмектесу қажет екенін айтты.

«Бұл – мемлекет пен жекеменшіктің серіктестігі үшін зор мүмкіндік. Жақында Премьер-Министрдің орынбасары Серік Жұманғаринге бұл мәселе бойынша тиісті тапсырмамды бердім. Агроөнеркәсіп кешеніне қатысты мәселенің бәрі басқа салаларға да қатысты екенін ұмытпаған жөн. Тағы да қайталап айтамын. Жоғары өнім алуды қамтамасыз ету керек. Ашық бәсекелестік болуға тиіс. Бір сөзбен айтқанда, осы саладағы басты түйткілдерді дереу шешу керек. Сонда ғана бағаның күрт өсімін тежеуге мүмкіндік туады», - деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау мен өткізудің заманауи инфрақұрылымын құру жұмыстарын жеделдету қажет екенін айтты. Көп жағдайда оның жоқтығы делдалдық құрылымдардың шамадан тыс көбеюіне және бағаның көтерілуіне әкеледі. Жыл сайын 8 миллион тоннадан астам көкөніс пен картоп жиналса, көкөніс қоймаларының жалпы сыйымдылығы небәрі 1,7 миллион тоннаны құрады.

Президенттің сөзіне қарағанда, бұл ретте көкөніс қоймаларының 60%-ы тоңазытқыш қондырғылармен жабдықталмаған, сақтау қоймаларының 30 пайызының қызмет ету мерзімі 20 жылдан асқан.

Бұл тұрғыда Мемлекет басшысы Үкімет бұл мәселені жүйелі түрде шешуі керек екенін тапсырды.

Осыған дейін кейінгі бес жылда бюджетке 30 триллион теңге кем түскені айтылды.


Соңғы жаңалықтар
telegram