Президент «Бәйтерек» ұлттық инвестициялық холдингінің басқарма төрағасын қабылдады

АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Бәйтерек» ұлттық инвестициялық холдингінің басқарма төрағасы Рустам Қарағойшинмен кездесті. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабаралады. 

Президент «Бәйтерек» ұлттық инвестициялық холдингінің басқарма төрағасын қабылдады
Фото: Ақорда

Президентке холдингтің биыл атқарған қызметінің қорытындылары, сондай-ақ ұйымды трансформациялау және экономикалық дамудың стратегиялық басымдықтарын іске асыру аясында жүргізілген жұмыстар баяндалды. 

Рустам Қарағойшиннің айтуынша, биыл холдинг ел экономикасына жалпы сомасы 9 триллион теңге қолдау көрсеткен. Қаражат бизнеске жәрдем беруге, агроөнеркәсіп кешенін дамытуға, тұрғын үй құрылысы мен ипотекалық несиелерге бағытталған.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа осы жылы республика бойынша 25 мыңға жуық жоба қаржыландырылғаны жөнінде ақпарат берілді. Сонымен қатар «Даму» қоры базасында құрылған кепілдік қорларының қызмет нәтижелері таныстырылды. Аталған қорлар шағын және орта бизнес жобаларын, сондай-ақ өңдеу өнеркәсібі мен инфрақұрылым салаларындағы ірі инвестициялық бастамаларға көмек көрсетеді.

Бұдан бөлек, Президентке инвестициялық холдингтің жұмыс моделі туралы мәлімет берілді. Бұл «Инвестицияға тапсырыс» қалыптастыру, ірі стратегиялық жобаларды сүйемелдеу, сондай-ақ тікелей шетелдік инвестицияларды тарту тетіктерін дамытуды қарастырады. Қазір жалпы құны 87 триллион теңгеге жуық, 1,5 мың инвестициялық жобадан тұратын пул жасақталды.

Кездесу соңында Мемлекет басшысы инвестициялар тарту және экономиканың нақты секторын қаржыландыру аясын кеңейтудің маңызын атап өтті. Президент «Бәйтерек» холдингіне басым инвестициялық жобаларды одан әрі іске асыруды және экономикаға ұзақ мерзімді капитал тартуды қамтамасыз ету бойынша тапсырма берді.

Еске сала кетейік, бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Бас прокуратура, Мемлекеттік күзет қызметі, Ішкі істер министрлігі қызметкерлеріне пәтер кілтін табыстағанын хабарлаған едік. 

Соңғы жаңалықтар