Президент ЕАЭО елдеріне ЖИ мен робототехника саласында бірлескен жобалар жасауды ұсынды

АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ЕАЭО елдеріне жасанды интеллект пен робототехника саласындағы бірлескен жобаларды дамытуды ұсынды.

Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы
Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

Президент әлемдік экономика трансформацияланып жатқанын және өсудің жаңа нүктелерін іздеу маңызды екенін атап өтті. Ұлттық экономикалардың ұзақмерзімді тұрақтылығы мен олардың болашақ әлемдік тәртіптегі орны жаңа технологиялық сын-қатерлерге бейімделу жылдамдығына тікелей байланысты.

– Жасанды интеллектіні дамытуға бағытталған технологиялық прогресс пен жаппай цифрландыру толқындары бірінен соң бірі келіп жатыр. Әрбір жаңа технологиялық кезең келесі серпіліске негіз қалап, көкжиектен әрі аса алатындар үшін бұрын-соңды болмаған мүмкіндіктер ашады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада өткен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысында.

Сарапшылардың бағалауынша, алдағы 20 жылда биотехнологиялар, автономды жүйелер, ғарыш экономикасы, энергияны сақтау және кванттық есептер сияқты бірқатар маңызды технологиялық үрдістер айқындалады. Атап айтқанда, ұзақмерзімді болжамдар 2035 жылға қарай әлемдік робототехника нарығының көлемі 376 миллиард доллардан асатынын көрсетті.

– Ал виртуалды шындық индустриясында шамамен 700 миллиард доллар айналымда болады. Біздің елдер әрине, жаһандық үрдістерден шет қалмауы керек. Меніңше, Еуразиялық экономикалық комиссия тәжірибе алмасуға және дамудың ең перспективалы бағыттары бойынша бірлескен жобаларды жүзеге асыруға қолдау көрсетуі қажет, – деді Қазақстан Президенті.

Айта кетейік, Астанада Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы басталды. Бұл жиынға Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Ресей Президенті Владимир Путин, Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Армения вице-премьері Мгер Григорян келді.

Биыл Қазақстан Республикасы ЕАЭО органдарына төрағалық етіп отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылғы 31 желтоқсанда ЕАЭО мемлекеттері басшыларына жолдаған үндеуінде Қазақстан төрағалығының негізгі басымдықтарын айқындады.

Олар: жасанды интеллектіні экономикалық интеграцияны дамытудың жаңа құралы ретінде дамыту, ЕАЭО логистикалық кеңістігінің әлеуетін пайдалану, өнеркәсіп пен агроөнеркәсіп кешенін цифрландыру, өзара саудадағы әкімшілік кедергілерді қысқарту және үшінші елдермен экономикалық ынтымақтастықты кеңейту.