Президент Елена Рыбакинаны 25-ке толған туған күнімен құттықтады

елена
Фото: Ақорда

ОРАЛ. KAZINFORM — Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев теннистен ұлттық әйелдер құрамасының көшбасшысы Елена Рыбакинаны туған күнімен құттықтады.

Қазақстан теннис федерациясынан мәлім еткендей, Мемлекет басшысы спортшыға құттықтау хат жолдады.

«Уимблдондағы және басқа да беделді халықаралық жарыста тамаша жеңістеріңізбен қазақстандық теннис тарихы беттерінен ойып орын алдыңыз. Алдағы уақытта да жанкүйерді керемет ойыныңызбен және жаңа жеңістеріңізбен қуантып, дене шынықтыру мен спортты дамытуға және ілгерілетуге үлес қосатыныңызға сенімдімін. Сізге зор денсаулық пен құт-береке тілеймін» делінген онда.

Қазақстанның бірінші, әлемнің 4-ракеткасы Е.Рыбакина бүгін 25 жасқа толды.

Бүгін — сондай-ақ Қазақстанның ерлер арасында бірінші, әлемнің 17-ракеткасы Александр Бубликтің де туған күні. Ол 27 жастың биігіне шығып отыр.

Осы аптада Е.Рыбакина Берлинде, А.Бублик Галледе өнер көрсетеді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Берлинде Нидерландтағы турнирдің чемпионымен кездесуі мүмкін екенін жазған болатынбыз. 

Соңғы жаңалықтар