Президент Халық Кеңесі жасақталатын мерзімді атады

АСТАНА. KAZINFORM – Әділетті, Күшті Қазақстанды құру – баршамызға ортақ міндет. Бұл туралы бірінші шақырылымдағы Құрылтайдың бірінші сессиясын ашқан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

Қазақстан халқы ассамблеясына тиесілі болған қызметтік міндеттер Халық кеңесіне өтеді — Тоқаев
Фото: Ақорда

- Қыркүйектің екінші жартысында Халық Кеңесі жасақталады. Бұл – Қазақстан тарихындағы тұңғыш жоғары консультативтік орган. Еліміздің этникалық, аймақтық, әлеуметтік, қоғамдық-саяси ерекшеліктерін бір арнаға тоғыстыратын жаңа құрылым заңнамалық бастама көтеру құқығына ие болады. Шын мәнінде, бұл – бірегей орган. Осылайша, қысқа уақыттың ішінде биліктің барлық негізгі институттары жаңғырып, алдағы реформаларға тың серпін береді, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің пайымынша, нағыз отаншыл азамат үшін өз халқына адал қызмет етуден асқан бақыт жоқ.

- Ұлт мүддесі бәрінен биік тұруға тиіс. Әділетті, Күшті Қазақстанды құру – баршамызға ортақ міндет. Ел аманатына адал болу – парыз. Сіздер осы жолда табанды еңбек етесіздер деп сенемін. Құрылтай жұмысына табыс тілеймін! Қастерлі Отанымыз өсіп-өркендей берсін! Қазақстан Республикасы жасасын! - деп түйіндеді сөзін Мемлекет басшысы.

Сессия барысында Мемлекет басшысы Құрылтай билік жүйесін түбегейлі жаңғыртатынын атап өтті.