Президент идеясы: Алматыда тәулік бойы жұмыс істейтін үшінші кітапхана ашылды
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда Абай даңғылы, 141 мекенжайында орналасқан тағы бір кітапхана енді 24/7 режимінде жұмыс істейді.


Алматы қаласының мәдениет басқармасы мәлім еткендей, Алматының екі кітапханасы – Жамбыл атындағы қалалық жасөспірімдер кітапханасы мен Alatau Creative Hub орталығының кітапханасы былтыр қыркүйек айынан бері оқырмандарды тәулік бойы қабылдап келеді.
Бұл әдістеме оқушылар, студенттер, магистранттар, сондай-ақ докторанттар арасында үлкен сұранысқа ие.

Осыған байланысты мегаполистің Абай даңғылы, 141 мекенжайында орналасқан тағы бір кітапханасы енді 24/7 режимінде жұмыс істейді.

«Қазір Алматыда үш кітапхана оқырмандарды 24 сағат бойы қабылдайды. Кез келген адам өзіне ыңғайлы уақытта келе алады. Жаңа жұмыс форматы енгізілген соң келушілер саны да артты.Жалпы алматылықтар кітап оқығанды жақсы көреді. Тек қалалық кітапханалардағы көрсеткіштерге тоқталсақ, оқырмандар жыл сайын кем дегенде үш миллион рет келіп-кетеді», – деп хабарлайды Алматы қаласының мәдениет басқармасы.

Еске салайық, 2023 жылдың маусым айында Түркістанда өткен «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» ұлттық құрылтайының екінші отырысы барысында Қасым-Жомарт Тоқаев 24/7 (тәулігіне 24 сағат, аптасына 7 күн) режимде жұмыс істейтін кітапхана құру идеясын айтқан болатын.
