Президент: Кадр құрамын жаңарту үдерісі биліктің бүкіл тармағында жүргізіліп жатыр
АСТАНА. KAZINFORM — Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл әкімдерінің диалог-платформасында кадр құрамын жаңарту уақыт талабы екенін айтты. Бұл туралы Ақорда хабарлады.
Президент ең бастысы науқаншылдыққа жол бермеу керегін атап өтті.
- Бәріңізге белгілі, елдегі өзгерістердің арқасында мемлекеттік қызметке мүлде жаңа адамдар келіп жатыр. Осы орайда, Президенттік жастар кадрлық резервін ерекше атап өткен жөн. Резервке қосылуға өтініш берген 30 мыңға жуық үміткердің ішінен 450 адам іріктеліп алынды. Олардың 72 пайызы басшылық қызметке тағайындалды. Кадрлар құрамын жаңарту үдерісі биліктің бүкіл тармағында және барлық деңгейде жүргізіліп жатыр. Бұл – уақыт талабы. Бірақ осындай жауапты жұмыста саяси науқаншылдыққа жол бермеу керек. Ең алдымен, тиімді ұсыныс айтып, пайдалы бастамалар көтеретін, батыл шешім қабылдай алатын азаматтарды, яғни кәсіби тұрғыдан білікті мамандарды мемлекеттік қызметке көптеп тарту қажет. Біз осы маңызды жұмысты жалғастыра береміз, - деді Мемлекет басшысы.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл әкімдерінің диалог-платформасында сөз сөйлеп, әкімнің, ең алдымен халықпен тікелей жұмыс істейтін мемлекеттік қызметші екенін еске салды.