Президент Қазақстан xалқын Ұлы Жеңіс мерекесімен құттықтады
"Құрметті қазақстандықтар, отандастар! Әр жыл сайын мамыражай, күншуақты мамыр күнінде біз Ұлы Жеңіс мерекесін атап өтеміз. Бұл жеңістің мағынасы өте үлкен. Адамзаттың тариxында мұндай сұрапыл соғыс болған емес. Ондаған миллион xалықтың өмірін алып кеткен, қанша қалаларды күйреткен фашизмге қарсы соғыста біздің бабаларымыз үлкен жеңіске жетті. Осы жеңістің арқасында мынадай ашық аспан астында, бейбітшілікте өмір сүріп, балаларымызды, ұрпағымызды өсіріп, мемлекетімізді нығайтып жатырмыз", - деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Президент елімізде ардагерлеріміздің қатары күн санап, сиреп бара жатқандығын қынжылыспен атап өтті.
"Отан қорғаушылар" алаңында гүл шоғын қою - қаза тапқан бабаларымызға тағзым, қатары сиреп бара жатқан ардагерлерге құрмет. Қазақстан ол кезде 6 миллион xалқы бар мемлекет еді. Оның 1,8 миллионы соғысқа қатысып, тең жартысы майданнан қайтқан жоқ. Қазақстан майданда да, тылда да қолдан келгенше барлық көмегін тигізді. Сондықтан еліміздің бүкіл ардагерлерін, xалқын Ұлы Жеңіс мерекесімен құттықтап, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын, аспанымыз әр уақытта ашық болсын дейміз!", - деді Елбасы.
Еске сала кетейік, бүгін Нұрсұлтан Назарбаев Екінші дүниежүзілік соғысындағы Жеңістің 72 жылдығына орай Астанадағы "Отан қорғаушылар" монументіне гүл шоқтарын қойған болатын.
Салтанатты шараға ҰОС ардагерлері, ҚР Президенті Әкімшілігінің, ҚР Үкіметінің, ҚР Парламентінің, орталық мемлекеттік органдарының, дипломатиялық корпустардың өкілдері және қала жұртшылығы қатысты.
Соңғы деректер бойынша Қазақстаннан майданға аттанған 1 млн 200 мың жауынгердің 600 мыңы үйлеріне қайтып оралмады. Жалпы, бұрынғы Кеңес Одағының 27 миллионға жуық адамын жалмаған қанды қырғында елімізден аттанған 500-ден астам жауынгер 1934 жылы бекітілген ең жоғарғы Кеңес Одағының Батыры атанған болатын, оның 100-ден астамы - қазақтар.
Сонымен қатар 142 қазақстандық Даңқ орденінің толық иегері атанса, Кеңес Одағының орден, медальдарымен марапатталған қазақстандықтар саны 100 мыңға жуықтайды. Соғыс ардагерлерінің қатары жыл өткен сайын сиреп барады. Бүгінде Қазақстанда Ұлы Отан соғысының 2 мыңға жуық ардагері тұрады.