Президент кеңесшісі ШЫҰ саммиті туралы: барлығымыздың мақсатымыз – өркениет үндестігін нығайту

Болат Ақшолақов
Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Президентінің кеңесшісі Болат Ақшолақов ШЫҰ саммиті және ұйымға мүше елдер арасында ғылым мен жоғары білімді дамытуға қатысты ойын білдірді.

«Астана қаласы екі күннен бері түрлі салалар бойынша сындарлы сұхбат алаңына айналды. Бүгін Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдердің басшылары мен беделді сарапшылар бір шаңырақтың астына жиналды. Шын мәнінде, бәріміздің мақсатымыз бір – өркениет үндестігін орнату және бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайту. Бүгінгі симпозиум ШЫҰ мүше елдер басшыларының қатысуымен өтіп жатқан саммит аясында ұйымдастырылып отыр. Ауқымды іс-шараның маңызы зор, өйткені, ШЫҰ-ға мүше елдердің жоғары оқу орындары бір-бірімен тығыз қарым-қатынас орнатып, ғылым және жоғары білім саласындағы ынтымақтастықты нығайту күн тәртібінде тұр. Қазір дамыған мемлекеттер экономикалық әлеуетін көтеру үшін жоғары оқу орындарының әлемдік деңгейдегі зерттеу университеттеріне айналдыруға күш салуда», - деді Болат Ақшолақов елордада өтіп жатқан «Жоғары білім беру және өндірісті интеграциялау саласындағы ынтымақтастық» атты халықаралық симпозиумда.

Президент кеңесшісінің мәлімдеуінше, ШЫҰ мүше елдер бірлесіп университеттік ғылымды дамытуға тырысып жатыр.

«ШЫҰ құрамындағы елдердің университеттері өзара ғылыми тәжірибе алмасу бағытындағы жұмыстарды күшейту қажет. Сонымен қатар ортақ ғылыми жобаларды қолға алған жөн. Бұл іргелі істе ШЫҰ-ның атқаратын рөлі зор», - дейді ол.

Айте кетейік, қазір елордадағы Astana IT университетінде «Жоғары білім беру және өндірісті интеграциялау саласындағы ынтымақтастық» деген атаумен халықаралық симпозиум өтіп жатыр.

Жиын барысында «ШЫҰ-ға қатысушы елдердің жоғары білім беру саласындағы халықаралық ынтымақтастығы» кітабының тұсауы кесер рәсімі жоспарланып отыр.

Айта кетейік, елордадағы Тәуелсіздік сарайында Қазақстан төрағалығымен Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті басталды.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ШЫҰ саммитіне келген мәртебелі меймандарды қарсы алып, қол алысты. Ел басшыларын қарсы алу рәсімі аяқталды.

Беларусь ШЫҰ-ның толыққанды мүшесі болды. Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитінде мүше мемлекеттердің басшылары Беларусь Республикасын Ұйым мүшелегіне қабылдауға қатысты бірқатар құжатқа қол қойды.

Шанхай ынтымақтастық ұйымы халықаралық қатынас жүйесінің маңызды тетігіне айналды. Бұл туралы саммитте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

Соңғы жаңалықтар