Президент Конституцияның 26-бабын өзгеріссіз қалдыру туралы шешім қабылдады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысы барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ел Конституциясының 26-бабын ескі редакцияда қалдыруды ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бір мәселе жөніндегі жағдайға тоқтала кету керек. Жалпыұлттық талқылау барысында жалпы Конституция бойынша ұсынылған барлық жобалар қолдау тапты деп айтуға болады. Дегенмен Конституцияның 26-бабын қоғамда көпшілік қолдағанымен пікір қайшылықтары да көрінді. Біздің сауалнама бойынша 70 пайыздан астам адам оны қолдап отыр. Дегенмен басқа пікір айтқан азаматтар да бар, меншік мәселесі жөнінде. Жер меншігіне байланысты деп ойлады. Ол жөнінде мәселелер болғанын «Жер туралы» заң қабылданған кезде білесіздер», - деді Елбасы.
ҚР Президенті Конституцияда елдің пікірі бар болуы, яғни консенсус болуы тиістігін баса айтты.
«Осы қағдиданы ұстана отырып мен 26-бапты өзгеріссіз бұрынғы редакцияда қалдыру туралы шешім қабылдап, сіздерге ұсынып отырмын. Талқылау барысында сіздер де қарайсыздар деп ойлаймын. Ал өзге де маңызды мәселелерге қатысты заң жобасының бағыт-бағдары айқын», - деді Назарбаев.