Президент кубогы: Асылжан Арыстанбекова ресейлік теннисшіні жеңіп, сенсация жасады

АСТАНА. KAZINFORM – Елордада Президент кубогы үшін ITF сериясы бойынша әйелдер арасында W15 қорытынды турнирі өтіп жатыр. 

Президент кубогы: Асылжан Арыстанбекова ресейлік теннисшіні жеңіп, сенсация жасады
Фото: ҚТФ

Қазақстандық теннисші, 19 жастағы Асылжан Арыстанбекова іріктеу сатысында кеше ресейлік Алиса Васильевадан 7:5, 6:3 есебімен басым түсіп, негізгі додаға қосылған еді.

Бүгін Асылжан WTA рейтингісінде 796-орында тұрған тағы бір ресейлік Алиса Кюммельмен кортқа шықты. 

Арыстанбекова фаворит саналған азулы ойыншыны 7:6 (7:3), 6:3 есебімен қапы қалдырды. 

Қазақстандық теннисші ширек финалға шығу үшін үндістандықтар, әлемнің 1038-ракеткасы Анджали Ратхи немесе рейтингіде 1347-сатыдағы Пратюша Рачапудидің қай жеңгенімен таласады.

Тағы бір қазақстандық теннисші, 18 жастағы Іңкәр Дүйсебай тартысты бәсекеде рейтингіде 1190-орындағы ресейлік Аглая Федороваға есе жіберді – 7:5, 2:6, 4:6.

А.Арыстанбекова мен І.Дүйсебай жұптық сында дәл осы А.Кюммель – А.Федоровамен ойнайды. Өткен аптада Асылжан мен Іңкәр Астанада осындай жарыста жұптық сында үздік шыққан еді. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Бейбіт Жұқаевтың Мексикадағы турнирде қарсыласын айқын басымдылықпен жеңгенін жазған едік. 

Сондай-ақ Елена Рыбакина Цинциннати турнирінің төртінші айналымына жолдама алды.

Қазақстандық жас теннисшілер Германиядағы жарыста топ жарды.

Соңғы жаңалықтар