Президент Құрылтай депутаттарына: Жұрт елдегі реформалардың қаншалықты нәтижелі болғанын қызметтеріңізге қарап бағалайды
АСТАНА. KAZINFORM – Депутаттар заң қабылдаумен қатар, жаңа қоғамдық этиканы дәріптеуге үлес қосуға тиіс. Бұл туралы бірінші шақырылымдағы Құрылтайдың бірінші сессиясын ашқан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.
- Түптеп келгенде, Құрылтай еліміздің заңнамаларын заман талабына сай жаңғыртуы керек. Ұлттық мүддені, жұртшылықты толғандыратын мәселелерді және қазіргі әлемдік үрдістерді ескере отырып, бұл жұмысты жедел әрі сапалы атқарған жөн. Біз қазір қоғамда жаңа құндылықтарды орнықтырып жатырмыз. Бұл – күрделі, асқан ұқыптылықты талап ететін өте қажетті жұмыс. Жаңа этиканы қалыптастыру ісі ел алдындағы азаматтардың, сондай-ақ мемлекеттік қызметшілердің жүріс-тұрысына, мінез-құлқына байланысты екені сөзсіз, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының атап өтуінше, қоғамдық орындарда келеңсіз, жөнсіз әрекеттерге жол бермеу қажет.
- Депутаттар заң қабылдаумен қатар, жаңа қоғамдық этиканы дәріптеуге үлес қосуға тиіс. Бұл да – ұлттық мүддеге тікелей қатысы бар маңызды мәселе. Жалпы, жұртымыз елдегі реформалардың қаншалықты нәтижелі болғанын, ең алдымен, сіздердің қызметтеріңізге қарап бағалайды, - деді Президент.
Сессия барысында Мемлекет басшысы Құрылтай билік жүйесін түбегейлі жаңғыртатынын атап өтті.