Президент: Құзырлы органдар Жарлықта көрсетілген тапсырмаларға атүсті қарайды

АСТАНА. KAZINFORM — Құзырлы органдар «Экономиканы ырықтандыру шаралары туралы» Жарлықта көрсетілген тапсырмаларға атүсті қарайды. Бұл туралы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

Пустые предложения и бесполезные презентации должны уйти в прошлое — Токаев обратился к госаппарату
Фото: Ақорда

- Енді «Экономиканы ырықтандыру шаралары туралы» Жарлықты орындау мәселесіне арнайы тоқталғым келеді. Бұл жұмыс іс жүзінде емес, қағаз жүзінде ғана орындалып жатыр деуге болады. Құзырлы органдар құжатта көрсетілген тапсырмаларға атүсті қарайды. Бизнес жүргізуге қолайлы жағдай жасауды емес, құр есеп беруді ойлайды. Соның салдарынан Жарлықта айқындалған басты міндеттер толығымен орындалған жоқ, - деді Мемлеет басшысы.

Осы ретте Президент мемлекеттік активтерді жекешелендіру үдерісін мысал ретінде келтірді.

- Үкімет жеке меншікке өтуге тиіс 473 кәсіпорынның тізімін былтыр қазан айында бекітті. Бірақ активтерді саудаға шығармақ түгілі оны сатуға дайындық шараларының өзі әлі басталған жоқ. «Мемлекеттік мүлік туралы» жаңа заң да қабылданбады. «Қандай кедергі пайда болды? Мемлекеттік органдар неліктен өз активтерінен айырылғысы келмейді?» деген сұрақтар болуы мүмкін. Нақты себептер бар шығар, бірақ олар туралы бейхабармын, - деді Президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, себебі бұл активтер мемлекет бюджеті есебінен қамтамасыз етіледі, яғни, оған қазынадан қомақты қаражат жұмсалып жатыр.

- Бұл жағдай жеке кәсіпкерліктің дамуына кедергі келтіріп, бәсекелестікті тежейтінін ұмытпауымыз қажет. Үкімет Жарлықты орындауға қатысты ұстанымдарды бір айдың ішінде қайта қарауға тиіс. Басты мақсат – бизнеске шын мәнінде қолайлы жағдай жасайтын нақты шаралар қабылдау, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұған дейін Президент мемлекет жеке капитал рөлін өзіне алудан бас тартуы қажеттігін айтқан еді.

 

Соңғы жаңалықтар