21:49, 18 Сәуір 2025 | GMT +5
Президент: Маңғыстау облысының әкімі өз ісіне белсенді түрде кірісті
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Маңғыстау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі кеңес өтті.

Президент ауызсу, коммуналдық инфрақұрылымның тозуы, денсаулық сақтау және білім саласындағы кемшіліктерге назар аударды. Мемлекет басшысы кәсіпкерлік, туризм, экологиялық тұрақтылық пен көлік инфрақұрылымы туралы да айтты.
Президент Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың жұмысты жақсы білетінін, қызметіне белсенді түрде кіріскенін атап өтті.
- Ол алдында тұрған міндеттерді жақсы түсінеді және олардың шешу жолдарын біледі. Таяу арада нәтиже күтемін. Ол көтерген мәселелер өте өзекті. Үкімет оларды жан-жақты қарап, мүмкіндігінше шешуі керек, - деді Мемлекет басшысы.