Президент Н.Назарбаевтың 2015 жылғы әлемдік деңгейдегі кездесулері мен сапарлары (ФОТО)

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ресми БАҚ-та Қазақстан Республикасы Президентінің халықаралық мәселелер жөніндегі көмекшісі Нұрлан Онжановтың «Елбасының сенімді бағыты» атты мақаласы жарық көрді. Өз материалында ол Президент Н.Ә.Назарбаевтың 2015 жылғы халықаралық қызметіне шолу жасаған. «ҚазАқпарат» ХАА Н.Онжановтың мақаласының толық мәтінін оқырман назарына ұсынады.

Президент Н.Назарбаевтың 2015 жылғы әлемдік деңгейдегі кездесулері мен сапарлары (ФОТО)

***

Өтіп бара жатқан 2015 жыл - Қа­­зақстан Республикасының мемле­кетті­­­­лігін нығайту тұрғысынан алған­да ай­рықша. Бұл жылды біз Қазақ­стан халқы Ассамблеясы жылы белгісімен өткіздік, ел Консти­туциясының 20 жыл­дығын, фашизмге қарсы соғыстағы Жеңістің 70 жылдығын және Қазақ хандығының 550 жылдығын тойладық. Бұл мерейтойлық даталар қазақстандық қоғамды жұмылдыруға бағытталған, ал ол қазіргі заманғы әлем­дегі жаһандық сынақтар мен геосаяси сілкіністер аясында өте маңызды.

Президентіміз - Елбасы Нұр­сұлтан Назарбаев өзінің Қазақстан халқына Жолдауында атап өткендей, «Қазір әлем шапшаң қарқынмен өзгеруде. Басқаша дәуір туып келеді. Біздің көз алдымызда өзгеше мүмкіндіктері мен тәуекелдері бар жаңа жаһандық өмір шындығы пай­да болуда. Бүгінде Қазақстан экономика­сына әлемдік рыноктардағы құлдырау туындатқан бірқатар сырт­қы факторлар теріс әсерін тигізуде. Жаһандық дағда­рыс­тардың шығу төркіні біздерге байланысты емес. Жаһандық дағдарыстар ықпалынан ешкім де сақтанып қала алмайды».

Шынында да, ХХІ ғасырдағы әлем­дік тәртіпті қалыптастырудың күрделі үдерісі бүтіндей алғанда, дағдарыс­тармен және дау-жанжалдармен, қазіргі заманғы сын-қатерлер мен қауіптер ауқымының ұлғаюымен, халықаралық шиеленістің артуымен қоса жүруде. Осының бәрі Қазақ­­­­станның ішкі тұрақтылығы мен орнықты дамуына қатер төндіреді. Бұл тұрғыда Қазақстан халқы Ассамблеясының кезектен тыс президенттік сайлау өткізу туралы бастамасы мейлінше уақтылы болды.

Биылғы жылдың 26 сәуірінде өткен президенттік сайлау Елбасын бүкілхалықтық қолдаудың сенімді айғағына айнала отырып, сайлаушы­лардың рекордтық қатысуымен ерекше­ленді. Сайлаушылардың дауыс беруіне Еуропарламент, ЕҚЫҰ, ТМД, ШЫҰ, ИЫҰ, ҰҚШҰ және басқаларды қоса алғанда, әлемнің 37 елі мен халықаралық ұйымдарынан мыңнан астам байқау­шылар мониторинг жүргізіп, олар ұйымдастырудың жоғары деңгейін, болып өткен сайлаудың мөлдірлігі мен адалдығын атап көрсетті.

Шетелдер лидерлерінің көптеген құттықтаулары халықаралық бедел мен үлкен құрметтің көрсеткішіне айналды. Нұрсұлтан Назарбаевты президенттік сайлаудағы жеңісімен 50-ден астам мемлекеттер мен үкіметтер басшылары құттықтап, Ақордаға саясаттың, экономиканың, ғылым мен мәдениеттің 180 лидері мен көрнекті қайраткерлері құттықтауларын жолдады.

Құттықтауларда «Қазақстанның же­тістіктері мен табыстарының Нұрсұл­тан Назарбаев атымен тығыз байланысты» екендігі атап өтілген. Мемлекет басшысы шетелдерде жоғары сенімге ие, есімі сарабдал саясаткер және табысты реформатор, жаһандық антиядролық қозғалыстың көшбасшысы және АӨСШК, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездері, ЕАЭО және басқа да көптеген маңызды халықаралық бастамалардың бастамашысы ретінде құрметпен аталады.

Бүгінде Нұрсұлтан Назарбаев бүкіл әлемдік қоғамдастыққа «адал менеджер» ретінде белгілі. Барша жұрт оны дәйекті саясаткер және жаһандық қауіпсіздікті нығайтудың қатаң жақтаушысы ретінде біледі. Осынау күрделі жағдайларда Мем­­лекет басшысының сыртқы саяси бағыты Қазақстанның ұлттық мүдделерін қорғауға және қамтамасыз етуге, біздің еліміздің халықаралық беделін нығайтуға, безбенделген, сындарлы және прагматикалық сыртқы саясат жүргізуге бағытталған.

Мемлекет басшысы орнықты эконо­микалық және әлеуметтік дамудың негізі ретінде бейбітшілікті қамтамасыз ету, қауіпсіздік және өңірлік тұрақтылық мәселелеріне бірінші кезекте көңіл бөледі. Осы орайда, өтіп бара жатқан жылдың Нұрсұлтан Назарбаевтың украин дағдарысын реттеу бойынша белсенді бітімгершілік күш-жігерінен басталғанын еске сала кеткен жөн.

Өткен жылдың соңы мен 2015 жылдың басындағы Қазақстан Пре­зидентінің Ресейдің, Украи­­­наның, Францияның, ГФР мен АҚШ-тың лидерлерімен кездесулері және келіс­сөздері «норманд төрттігі» елде­рі басшыларының кездесулерін ұйым­дастыруға бағытталды. Өткен жыл­дың­ желтоқсанында Астанада Фран­­ция Президенті Ф.Олландпен келіс­­сөздерде Мемлекет басшысы жоға­ры деңгейдегі Ресей-Франция кезде­суін ұйым­дастыруға жағдай жаса­ды. Қаңтарда Нұрсұлтан Назар­баев­ Берлинде болып, ГФР-дің Феде­ралдық канцлері А.Мер­кель­­мен дағдарысты реттеудің кезек күт­­тірмейтін шараларын талқылады.

Донбастағы қантөгісті тоқтату және дау-жанжалды бейбіт реттеу жөніндегі аса маңызды уағ­да­ластықтармен аяқтал­ған үстіміздегі жылдың 12 ақпанындағы «норманд төрттігінің» тарихи Минск кездесуі жалпы күш-жігерлердің нәти­жесіне айналды. Нұрсұлтан Назарбаевтың бітімгершілік күш-жігері Қазақстанның халықаралық беделін нығайта отырып, шетелдер лидерлері мен әлемдік қоғам­­дастықтың жоғары бағалауына ие болды.

Украинадағы жағдай әлемдік сілкініс­тердің көрінісіне айналды. Экономика мен қаржыдағы жүйелі дағдарыс нарықтар мен ресурстарға жаһандық бәсекелестікті шие­­ле­ністіре отырып, геосаясат пен қауіп­сіздік саласына дендеп енді. Қазақ­стан басшылығының мұндай сценарийге дайын болғанын атап көрсету қажет. Еуразиялық кеңістіктегі интеграциялық үдерістерді ұлғай­та түсу жаһандық дағдарысқа қайтарылған тиісті жауап болды.

2015 жылдың 1 қаңтарынан Қазақ­станның, Ресей мен Бела­русьтің қаты­суымен жүзеге асқан Еуразиялық эко­номикалық одақ (ЕАЭО) құру туралы шарт күшіне енді. ЕАЭО қуатты ре­сурстарға, өнді­­рістік және техноло­гия­лық әлеуетке, дамыған көлік-комму­ника­циялық және энергетикалық жүйеге ие.

Өтіп бара жатқан жылы Пре­зидент Нұрсұлтан Назарбаев Жоғары Еура­зиялық экономикалық кеңестің екі бірдей отырысына (мамыр және қазан) қатысты. Экономиканың нақ­ты секторындағы байланыстарды дамыту, сауда-құқықтық базаны кеңейту, ЕАЭО мен «Жібек жолы экономикалық белдеуінің» әлеуеттерін түйістіру туралы уағда­­ластықтар ол жұмыстың қорытын­дыларына айналды. 2016 жылдың 1 ақпанында өз қызметіне кірісетін Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының жаңа құрамын бекіту үшін желтоқсанда ЖЕЭК-тің тағы бір отырысы күтіліп отыр.

Шетелдік әріптестердің ЕАЭО-ға деген мүдделері арта түсуде. 2015 жылы Армения мен Қырғызстан бірлес­тіктің жаңа мүшелері болды. Мем­лекет басшысының үстіміз­дегі жылдың 12 тамызында Қыр­ғызстанға жұмыс бабындағы сапары шеңберінде Қазақстан-Қыр­­ғыз­стан шекарасында кедендік бақы­лауды алып тастаудың салтанатты рәсімі өтіп, оны екі ел президенттері Нұрсұлтан Назарбаев пен Алмазбек Атамбаевтың онлайн-режімде бақылағаны да атап өтерлік жайт.

Бүтіндей алғанда, қазіргі уақытта 40-қа жуық ел мен бірлестіктер ЕАЭО-мен еркін сауда аймағы туралы келісім­шарттарды бекітуге мүдделілік білдіріп отыр. Еркін сау­да туралы келісімге Қазақстанның тамаша өлкесі - Бурабай курортты аймағында үстіміздегі жылдың мамырында қол қойған Вьетнам ЕАЭО-ның сауда саласындағы бірінші әріптесі болды.

Еуразиялық интеграцияның векторы ЕАЭО бойынша әріптес­­термен, ең алдымен, Ресей Федера­­циясымен дәстүрлі достық, тең құқылық және өзара тиімді қарым-қатынастарға негізделген. Өтіп бара жатқан жылы екіжақты кездесулер мен көпжақты форумдар шеңберінде Нұрсұлтан На­зарбаев президент Влади­­мир Пу­тинмен 15-тен астам кездесу өткізді.

Президенттік сайлаудан кейін Мем­лекет басшысы өзінің алғашқы шетелге сапарын дәл осы Ресейге жасап, онда биылғы жылдың 8-9 ма­мырында Мәскеуде өткен фашизм­ге қарсы Жеңістің 70 жыл­дығына арналған салтанатты іс-шараларға қатысты. Нұрсұлтан Назарбаев Қызыл алаңдағы әскери парадта болып, Белгісіз солдат қабіріне гүл шоқтарын қойды. ТМД лидерлерінің бейформальді кездесуінде ол фашизмді жеңудің маңыздылығын атап өтіп, тарихи деректерді бұрмалау жолымен соғыс нәтижелеріне ревизия жасау талпынысынан сақтандырды.

АӨК-ті дамыту мәселелеріне арнал­ған Қазақстан мен Ресейдің ХІІ өңіраралық ынтымақтастық форумы (Сочи, қыркүйек) елеулі оқиғаға айналды. Форум шең­берінде «Агроөнеркәсіп кешені саласындағы Қазақстан-Ресей ын­тымақтастығының перспективалары» атты мамандандырылған көрме, «Қазақстан мен Ресейдің тауар­ларды импорттық алмастыру саласындағы шекаралық ынтымақ­тастығы» тақыры­бында дөңге­лек үстел, «Шағын және орта бизнестің мемлекеттік сатып алуларға қатысуы» атты семинар-кеңес, Қазақ­стан-Ресей Шекаралық ынтымақ­тас­тық жөніндегі іскерлік кеңесінің отырысы, сондай-ақ, Жас­тар форумы ұйым­дастырылды. Сочиде 5 өңіраралық келісімшартқа және 4 коммерциялық келісімге қол қойылды.

Жоғары деңгейдегі үнқаты­суларды, парламенттер, министр­ліктер мен ведомстволар арасын­дағы тұрақты байланыстарды қоса алғанда, Қазақстан мен Ресейдің стратегиялық әріптестігінің қалып­тасқан тетігі екіжақты ынтымақ­тастықтың ағымдағы және перспективалы мәселелерін табысты, жүйелік негізде шешуге жағдай жасады. Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путиннің үстіміздегі жылдың қазанындағы Қазақстан Республикасына мемлекеттік сапары оның жарқын айғағына айналды.

Астанада екі президенттің Қазақстан мен Ресейдің стра­­­­тегиялық әріптестігін нығайту және дамыту, көмірсутек шикізатын өндіру, экспорттау және тасымалдау, көлік-транзит әлеуетін өзара тиімді пайдалану және жаңа халықаралық көлік дәліздерін құру, ғарыш саласын дамыту және «Бәйтерек» жобасын жүзеге асырудың іс жүзіндегі фазасына шығу, сондай-ақ, бүтіндей алғанда, әлемдік экономиканың құбылмалылығы мен РФ-ның санкциялық қарсы тұруы жағдайларында сауда-экономикалық өзара іс-қимылдар белсенділігін арттыруды қоса алғанда, екіжақты қарым-қатынас­­тардың барлық спекторы бойынша ынтымақтастықты тереңдету жөніндегі үнқатысулар одан әрі жалғасты.

2015 жылы Мемлекет басшы­­­сының күш-жігерінің арқасында Қы­тай Халық Республикасымен ынтымақ­тастық сапалы жаңа деңгейге шықты. Қар­қынды саяси үнқатысу сауда-эко­номикалық, инвестиция­лық, қаржылық және мәдени-гумани­тарлық байланыс­тарды кеңінен дамытуға жағдай жасай­ды. ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин­нің президенттік сайлаудан кейін Қазақ­станға келген алғашқы шетел­дік лидер болуының өзі де атап айтарлық.

Президент Н.Ә.Назарбаевтың үсті­міздегі жылдың қыркүйегіндегі Қытайға мемлекеттік сапары және оның Пекинде өткен фашизммен күрестегі Жеңістің 70 жылдығына арналған парадқа қатысуы жан-жақты стратегиялық әріптестіктің жоғары деңгейін растай түсті.

Сапар қорытындысы бойын­ша, Жан-жақты стратегиялық әріп­тестік қатынастардың жаңа сатысы туралы декларацияға, ҚР мен ҚХР арасындағы 2015-2020 жыл­дарға арналған өңіраралық ынтымақтастық бағдарламасына, сондай-ақ, жалпы сомасы 23 млрд. долларды құрайтын 45 бірлескен нысандарды жүзеге асыру бойынша бірқатар маңызды үкіметаралық және инвестициялық келісімдерге қол қойылды. Қытай мен Қазақстанның «Нұрлы Жол» және «Жібек жолының экономикалық белдеуі» ұлттық даму бағдарламаларын түйістіру туралы уағдаластық маңызды мәнге ие болды. Жібек жолы дәстүрлерін қайта қалпына келтіру Ұлы Дала мен Аспанасты елінің арасындағы үзіліссіз байланыстардың үлгісі ретінде қызмет етеді.

Үстіміздегі жылдың мамырында Президент Н.Назарбаев әлем­­­­­­нің 90 елінен үш мыңнан астам қаты­сушыны жинаған VIII Астана эконо­микалық форумы­ның жұмысына қатысты. Қазақ­стан Президенті Люк­сембург пен Лит­ваның премьер-министрлерімен, нобельдік лауреат­тармен, халық­аралық ұйымдар мен компаниялар басшыларымен кездесулер өткізді. Форумда Мем­лекет басшысы саудадағы, көлік­тегі, энергетика мен басқа да сала­лардағы интеграцияның бірегей ережесін құруды ұсына отырып, Біріккен еуразиялық экономикалық кеңістік идеясын ұсынды. Жаһандану жағдайында қазақстандық Көш­басшының бастамасы айрықша көкейкестілікке ие.

АЭФ сарапшыларының болжамы бойынша, 2025 жылға қарай Азия мен Еуропа арасындағы жалпы сауда көлемі екі еселеніп, 1,2 трлн. долларды құрайтын болады. Еуразиядағы әлемдік экономиканың өсуінің драйверлерінің бірі бола алатын біртұтас көлік-логис­тикалық жүйе қалыптасуда. Бұл тұрғыда ЕАЭО, ҚХР-дың «Жібек жолының экономикалық белдеуі» және ЕО арасында өзара іс-қимылдарды жолға қою жаһандық оң тиімділік әкеледі.

Мемлекет басшысының қаты­суымен үстіміздегі жылдың 10-11 мау­сымында Астанада өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің V съезі шетелдік делегациялар өкілдерінің жоғары деңгейімен атап өтілді. Осылайша, БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун, Финляндия президенті Саули Ниинистё және Иордания королі Абдалла ІІ сияқты жоғары мәртебелі меймандардың қатысуы жаһандық сын-қатерлерге қарсы тұру үшін дін лидерлері мен саясаткерлердің келісілген іс-қимылдарының қажет екендігінің маңызды белгісі болды.

Нұрсұлтан Назарбаев форум мінберінен Бүкіл әлемнің саяси және рухани лидерлеріне қолда бар мүмкіндіктерді соғыстар мен дау-жанжалдарды тоқтату, жаһандық саясаттағы сенімді қалпына келтіру үшін пайдалануға шақырды. Діни экстремизм мен терроризмге қарсы тұрудағы Дін лидерлері кеңесінің рөлін арттырудың маңыздылығы атап көрсетілді.

БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун Әлемдік және дәстүрлі діндер съезінің қызметін, сондай-ақ, Қазақстанда құрыл­ған этносаралық және конфессияаралық татулық пен келісім моделін жоғары бағалады.

Осыдан 15 жыл бұрын Н.Ә.Назар­­­баевтың бастамасымен шақырылған діни форумның маңызды және ықпалды үнқатысу алаңына айналғаны атап өтілді. «Бүгінде әлем экстремизм мен терроризмнен зардап шегіп отырған шақта жеккөрушілікке қарсы тұруға үндейтін дін лидерлерінің дауыс­тары жиірек және жақсырақ естілгені қажет», деп атап көрсетті БҰҰ Бас хатшысы.

2015 жыл Қазақстан мен Үнді­станның ынтымақтастығының белсенді бола түсуімен есте қалды, оған Н.Ә.Назарбаев пен Үндістан Премьер-министрі Н.Мо­дидің үстіміздегі жылдың шілдесіндегі келіссөздері үлкен серпін берді.

Үндістанмен стратегиялық әріптестікті дамыту Қазақстанның сыртқы саясатының азиялық векторының басымдықтарының бірі деп, атап өтті Мемлекет басшысы. Сомасы 5 миллиард доллар болатын екіжақты құжаттарға қол қойылу келіссөздердің іс жүзіндегі нәтижелеріне айналды. Ол жобалардың қатарында «Сәтбаев» мұнай блогындағы барлау мақсатындағы бұрғылауды бас­тау, 2015-2019 жылдар кезеңінде Үндістанға 5 мың тонна уран жеткізу, сондай-ақ, үндістандық компа­ния­лардың ЭКСПО-2017-ге қатысуы сияқты шаралар бар.

Жаһандық экономикалық даму­­­дың жаңа орталықтары болып табылатын Қытаймен және Үндістан­мен ынтымақ­тастықты ұлғайту Қазақстан үшін стра­тегиялық маңызға ие. Сарапшылардың бол­жамы бойынша, 2025 жылға қарай Пекин мен Дели өздерінің эконо­микалық әлеуе­ті жағынан Жер шарын­да жетек­ші позицияларға шығады, ал БРИКС (Бразилия, РФ, Үндіс­тан, Қытай, ОАР) тобы елдері­нің жиынтық ұлт­тық табысы Батыс елдерінің көр­сеткішінен асып түседі.

Осы тұрғыда Президент ­Н.Ә.На­зар­баевтың үстіміздегі жыл­дың 9 шілдесінде Уфада өткен Шан­хай ын­тымақтастық ұйымы және БРИКС ел­дері лидерлерінің самми­ті­не қа­тысуы маңызды мәнге ие болды.

Мемлекет басшысы өз сөзінде ЕАЭО, ШЫҰ және БРИКС-тің әлем­­­­дегі өсіп келе жатқан рөлін атап көр­сет­ті. ШЫҰ алдында тұр­ғ­ан мін­­дет ретін­де ол терро­ризм­ді қар­жы­ландыру көздерін жою мақса­тын­дағы, Зорлық-зомбы­лық экстремиз­мінің алдын алу жөніндегі іс-қимылдар жоспарын әзірлеуде БҰҰ күш-жігеріне қолдау көрсету, жаһан­дық қауіптермен және сын-қатер­лермен күрестегі Шанхай ұйымының рөлін арттыру мәселелерін атады.

ЕАЭО мен ШЫҰ арасындағы үнқа­тысудың кең көлемді транс­құрлық­тық ынты­мақтастық үшін жағдай жасай­тындығы атап өтілді. «ЕАЭО-ШЫҰ-ның көлбеу көлік артерияларын және БРИКС-тің тік көлік артерияларын жалғастыру сау­даны буырқанта өсіруге қабілетті. Болашақта біздің аймақтарымызда ортақ бірлестік пен ортақ сауда аймағын құруға болады», деп мәлімдеді Мемлекет басшысы.

ШЫҰ саммиті Үндістан мен Пәкістанның қосылуы туралы шешім қабылдануымен ерекше­ленді. Ұйымның кеңеюі Шанхай үдерісінің еуразиялық кеңістіктегі қажеттілігін бейнелейді.

2015 жылдың 27 шілдесінде Пре­зидент Н.Ә.Назарбаев Женевада Дүние­жүзілік сауда ұйымы (ДСҰ) Бас кеңесінің отырысында сөз сөй­леді. Бұл күн Қазақ­станның ДСҰ-ға қосылған күн ретінде тарихқа енді. Мемлекет басшысы мү­шелікке өту туралы хаттамаға қол қойды.

Қазақстан ДСҰ-ның 162-ші толық құқылы мүшесі болды. Өз сөзінде Нұрсұлтан Назар­баев жаһандық нарыққа интеграция­ланудағы Қазақстанның орасан зор жолын атап көрсетті. Мемлекет басшысының бағалауынша, ДСҰ-ға өту Қазақстанның реформалар мен заманауи нарықтық экономиканы және сауданы құру саласындағы табыстарын халықаралық мойын­даудың көрсеткішіне айналды.

Дүниежүзілік сауда ұйымы сау­да саласындағы жаһандық бас­қарудың неғұрлым беделді және ықпалды ұйымы болып табылады. Қазақстанның ДСҰ жұмысына толық құқылы мүше болуы көптеген шетелдермен сауда экономикалық ынтымақтастықта неғұрлым кең мүмкіндіктер мен перспективалар ашады.

Үстіміздегі жылдың жазында Мем­лекет басшысы Миландағы Бүкіләлемдік ЭКСПО-2015 көрме­сіндегі Қазақстанның ұлттық күні­нің ашылуына қатысты. Ол Италия Премьер-министрі М.Ренцимен кездесіп, бизнес-форумда сөз сөйледі, оның қорытындысы бойынша сомасы 500 миллиард доллар болатын 20-дан астам коммерциялық келісімдерге қол қойылды.

Президент Н.Ә.Назарбаевтың қаты­суымен өткен халықаралық іс-шара­лардың жазғы тығыз кестесі үстіміздегі жылдың 27 тамызында Қазақстанға Төмен байытылған уран банкін құру туралы келісімге қол қою рәсіміне келген МАГАТЭ Бас директоры Ю.Аманомен және АҚШ-тың экс-сенаторы С.Наннмен кездесумен аяқталды.

МАГАТЭ-мен келісімге қол қою­­дың Қазақстан Көшбас­шы­сы­ның бас­тамасымен БҰҰ-да Ядролық сы­­нақтарға қарсы халықаралық іс-қи­мыл күні ретінде аталып өтетін Се­мей по­лигонының жабылу күні қарсаңында өтуі де символдық мәнге ие.

Нұрсұлтан Назарбаев Банкті құру ядролық таратпау режімін нығайту және атом энергиясын бейбіт мақ­с­ат­та пайдалану ісін нығайтуда бет­бұрысты сәт болатындығын атап көрсетті. Оның өзі Қазақстанға ядро­лық қарудан ада әлем құруға өлшеу­сіз үлес қосқан мемлекет ретінде жоғары сенімнің арқасында мүмкін болды.

МАГАТЭ басшысы Ю.Амано Нұрсұлтан Назарбаевтың жаһандық антиядролық қозғалыстағы көшбас­шылығы осы маңызды бастаманы жүзеге асыруда шешуші рөл атқар­ғанын атап көрсетті. Ол МАГАТЭ-нің және бүкіл халықаралық қоғамдастықтың атынан Қазақстан Көшбасшысына өзінің терең ризашылық сезімін білдірді.

Үстіміздегі жылдың қыркүйек айында өткен Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған салтанатты шараларға Н.Ә.На­­зарбаевтың шақыруы бойынша Әзербайжан президенті И.Әлиев, Қырғыз­стан президенті А.Атамбаев, Түркия парламентінің төрағасы И.Йылмаз және басқа да шетелдік қонақ­тар қатысты. Бауырлас елдердің басшылары, сондай-ақ, 11 қыркүйек күні Аста­нада ұйымдастырылған 5-ші Түркітілдес мемлекеттер ынты­мақ­тас­тығының саммитіне де қатыс­ты. Осы басқосуда сөз сөйлеген Н.Ә.Назарбаев мерейтойлы саммит түркі әлемі елдері ынтымақтас­тығы­ның маңызды сатысы, Шығыс пен Ба­тысты жалғайтын көпір бола ала­­тынын атап өтті. Сонымен қатар, түркі халықтарының әлемдік мәде­ниет­ке қосқан үлесі көлденең тартылды.

Түркия президенті Р.Ердоған жыл басында, президенттік сайлауға бар болғаны бірнеше күн қалғанда мемлекеттік сапармен (үстіміздегі жылғы 15-17 сәуір) Қазақстанда болды. Н.Ә.Назарбаев пен Р.Ердоған түркі әлемінің рухани орталығы - Түркістан қаласына барды. Мемлекет басшылары Үкімет басшыларының қатысуымен өткен Стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің отырысына қатысты. Сауда-экономикалық және инвестициялық мәселелер талқыланған мәжілісте сомасы 1,5 миллиард доллар болатын бірлескен іскерлік жобаларды жүзеге асыру туралы уағдаластықтарға қол жеткізілді.

2015 жылдың күзіндегі аса ірі сыртқы саяси оқиға Мемле­кет басшысының БҰҰ Бас Ассамб­леясының 70-ші мерейтойлы сессия­сына қатысуы болды. Үстіміздегі жылдың 26-29 қыркүйегінде өткен Нью-Йорктегі дебаттар адамзат дамуының жаңа парадигмасын жасау мәселесі өткір тұрғанын көрсетіп берді. Міне, Нұрсұлтан Назарбаевтың халықаралық бастамалары нақ осыған бағытталды.

Қазақстан Көшбасшысы мәні жаһандық дамудың қағидатты жаңа трендтерін айқындау болып табылатын Жаһандық Стратегиялық Бас­тама - 2045 жобасын жасауды ұсынды. Бұл ұсыныстың ерекшелігі - әлем­дік инфрақұрылымдарға, тех­но­логиялар мен ресурстарға және рынок­тарға барлық ұлттардың әділет­ті негізде қол жеткізуі болып табылады.

Мемлекет басшысы БҰҰ-ның ядролық қарудан азат әлем құруға қол жеткізу жөніндегі Жалпыға ортақ декларациясын қабылдауға шақырды, сондай-ақ, жаһандық антиядролық қозғалыс құруға бастамашылық танытты.

Нұрсұлтан Назарбаевтың БҰҰ туы астында терроризмге қарсы іс-қимылдың біртұтас әлемдік желісін құру, сонымен қатар, экстремизм мен терроризм қылмыстарына қатысы бар адамдарды іздеудің, ұстаудың тиімді іс-қимыл тетігін жасау туралы бастамасының көкейкестілігі өте зор. Елбасы, сондай-ақ, әлемдік қоғамдастыққа терроризммен күресте әмбебап және міндетті нормалар мен құқықтар қажет екенін атап көрсетті.

Қазақстан Президенті БҰҰ-ның жоғары деңгейдегі Халықаралық конференциясын шақыру жолымен халықаралық құқықтың арқаулық қағидаттарын қуаттауға шақырды. Бұл бастама халықаралық жағдай ушыға түсіп отырған қазіргі жағ­дайда үлкен маңызға ие бола түсетіні айтпаса да түсінікті. Өйт­кені, Сириядағы жағдай да өңірлік жанжалға ұласып кету қаупін туғызып отыр.

Қазақстан Көшбасшысы Ұлттар Ұйымының штаб-пәтерін Азия құрлы­ғына көшіру идеясымен тұңғыш рет шықты, бұл бастама әлемдік қоғам­дастықта айтарлықтай резонанс туғызды.

Мемлекет басшысының Нью-Йоркте БҰҰ мінберінен және Парижде ЮНЕСКО мінберінен алғаш рет қазақ тілінде сөз сөйлеп, оның ілеспе аударма арқылы Ұйымның ресми алты тіліне аударылуында нышандық мән бар.

2015 жылдан кейінгі кезеңде БҰҰ-ның Даму саласындағы күн тәр­тібін қабылдау бойынша өткен саммитінде сөз сөйлеген Н.Ә.Назарбаев ХХІ ғасыр­да ЕАЭО-ны Жібек жолының Экономикалық белдеуін және Еуропалық одақты біртұтас интеграциялық жобаға біріктіретін Үлкен Еуразия идеясы төңірегіне топтасудың маңызын атап көрсетті. Сондай-ақ, әр мемлекет жыл сайын өзінің қорғаныс бюджетінің 1 пайызын БҰҰ-ның Орнықты даму мақ­саттарына арналған Арнайы қорына аударып тұру туралы ұсыныс ілгерілетілді.

БҰҰ Бас Ассамблеясы 70-ші сес­сия­сының алаңдарында ­Н.На­зарбаевтың АҚШ президенті Б.Обамамен, Люк­сембург премьер-министрі К.Беттельмен, Польша президенті А.Дудамен және басқа шетелдік лидерлерімен екіжақты кездесулері болып өтті.

2015 жыл Қазақстанның Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығындағы табысты төрағалығымен есте қалмақ.

Үстіміздегі жылдың қазан айында Бурабай курорттық аймағында Н.Ә.Назарбаев қорытындысы бойынша БҰҰ-ның 70 жылдығы туралы және халықаралық терроризммен күрес бойынша мәлімдеме қабылданған ТМД мемлекеттері басшыларының мәжілісін өткізді. Әлемдегі қазіргі ахуалды есепке ала келгенде, ТМД Мемлекет басшылары кеңесінде (МБК) негізгі назар қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету мәселелеріне аударылды. 2020 жылға дейінгі Әскери ынтымақтастық тұжырымдамасы, 2016-2020 жылдарға арналған сыртқы шекаралардағы шекара­лық қауіпсіздікті нығай­ту ынты­мақ­тастығының бағдарламасы, ТМД-ға қатысушы елдердің төтенше жағдайлар саласындағы алдын алу мен зардаптарын жою және басқа да құжаттар бекітілді.

ТМД саммиті қарсаңында Мем­ле­кет басшысы Ресей президенті В.Пу­тин­мен және Украина прези­денті В.По­рошенкомен осы елдер лидерлерінің Қазақстанға сапарлары шеңберінде келіссөздер жүргізді. Келіссөздер барысында екіжақты ынтымақтастық тақырыбымен қатар, Н.Ә.Назарбаевтың күш-жігері Қазақстанның посткеңестік кеңістіктегі негізгі екі әріптесі - Ресей мен Украина арасындағы қарым-қаты­насты реттеу мен өзара түсіністік таныту, кейбір мәсе­лелерде мәмілеге келу жолдарын іздестіру үдерістеріне бағытталды.

Қазақстанның Беларусьпен ынты­мақ­тастығы кеңейіп келеді. 2015 жылы жоғары деңгейде оншақты кездесу өтті. Үкіметаралық және ведом­стволараралық байланыс­тар ырғақты даму үстінде. Ауыл шаруа­шылығы және коммуналдық техника өндірісі бойынша бірқатар бірлескен кәсіпорындар құрылған. Беларусь пен Қазақстан арасындағы достықты дамытуға қосқан сүбелі жеке үлесі үшін президент Александр Лукашенко Нұрсұлтан Назарбаевты «Халықтар достығы» орденімен ма­рапаттап, оны ТМД МБК-ның мәжі­лі­сінде салтанатты жағдайда тапсырды.

Үстіміздегі жылдың 14 қыр­күйегінде ҰҚШҰ Ұжымдық қауіп­сіздік кеңесінің кезекті сессиясы қарсаңында болған Қазақстан Пре­зидентінің Тәжікстанға ресми сапары шеңберінде Қазақстан Республикасы мен Тәжікстан Респуб­ли­касы арасындағы Стратегиялық әріптестік туралы шартқа және бас­қа да бірқатар келісімдерге қол қойы­лып, екі ел халықтарының игілігі жолын­дағы екіжақты ынтымақтастықтың перспективалары талқыланды.

Азия алаңдарында жыл беде­рінде Нұрсұлтан Назарбаев құрлықтың жетекші он елінің мемлекет және үкімет басшыларымен келіссөздер жүргізді. Жоғарыда айтылып кеткен Қытай, Үндістан және Түркия лидерлерімен кездесуден бөлек, Мемлекет басшысының Иордания королі Абдалла ІІ-мен, Малайзия премьер-министрі Н.Разакпен және Пәкістан премьер-министрі Н.Ша­рифпен, сондай-ақ, Ауғанстан прези­денті М.Ғанимен келіссөздері өтті.

Н.Назарбаевтың үстіміздегі жыл­­дың 26-28 қазанында Жапония премь­ер-министрі С.Абэмен болған нә­­­тижелі келіссөздері үлкен маңызға ие.

ІЖӨ көлемі бойынша әлемде үшінші орын алатын жапон елі Премьер-министрімен кездесу екі­жақты ынтымақ­тастыққа қуатты серпін қосты. Қазақ­станда этанол өндіру, Онкологиялық аурулар диагностикасы орталығын құру, авто­мобильдердің жаңа модельдерін шығару, көлік терминалдарының құ­рылысы туралы, т.б. уағдаластықтарға қол жеткізілді. Тұтастай алғанда, сомасы 1 миллиард доллардан асатын 16 келісімшартқа қол қойылды.

Нұрсұлтан Назарбаев пен Синдзо Абэнің ядролық сынақтарға тыйым салу туралы бірлескен мәлімдемесі ЯҚЖТШ-ның жедел күшіне енуіне ықпал ету бойынша халықаралық күш-жігерге қосылған маңызды үлес болып табылды.

Н.Ә.Назарбаевтың үстіміздегі жылдың 25-26 қазанындағы Катар Мемлекетіне ресми сапары Қазақ­станның мұсылман әлеміндегі беделін жоғарылатуға оң әсерін тигізді. Жалпы құны 1 миллиард доллардан асатын бірлескен жобаларды жүзеге асыру туралы уағдаластықтарға қол жеткізілді.

Нұрсұлтан Назарбаевтың Ұлы­­британия (3-4 қараша) мен Фран­цияға (5-6 қараша) нәтижелі сыртқы саяси турнесі жылдың Еуропа бағы­тындағы айтулы оқиғалары болды.

Лондондағы келіссөздерде сая­си үнқатысуды нығайту, сауда-эконо­микалық және инвес­­тиция­лық ынты­мақтастықты терең­дету бағыттарында маңызды уағдаластықтарға қол жеткізілді. Халықаралық күн тәртібінің шетін мәселелері талқыланды. Кездесулер салтанаты мен келіссөздер Қазақ­стан мен Ұлыбританияның сая­си басшылығының қарым-қаты­настарында бір-біріне құрметтің, сенім мен өзара түсіністіктің аса жоғары деңгейі қалыптасқанын көрсетіп берді.

Королева Елизавета ІІ Нұр­сұлтан Назарбаевтың Лондонға сапарына жоғары баға бере келіп, оның нәтижелері екі ел халық­тарының арасындағы достық қарым-қатынасты нығайту мен өркен­детуге қызмет ететініне сенім білдірді. Премьер-министр Д.Кэмерон «Қазақстанның индустрияны, инвес­тициялар мен сауда-саттықты дамыту салаларында адам таңқаларлық табыстарға жеткенін» мәлімдеді.

Мемлекет басшысының Ұлы­британияның іскер топтарының өкіл­­дерімен кездесуі және Қазақ­стан-Ұлыбритания Сауда-экономи­калық ынтымақтастық жөніндегі ІІ үкімет­аралық комиссия отырысына қатысуы үлкен маңызға ие болды. Сапардың қорытындылары бойынша сомасы 9 миллиард доллардан асатын 17 коммерциялық келісімді қоса алғанда, 40 екіжақты құжаттарға қол қойылды.

Парижде Мемлекет басшысы президент Ф.Олландпен, Францияның саяси және іскер топ өкілдерімен келіссөздер жүргізді. Францияның Қазақстанның ЕО-дағы жетекші әріптестері қатарына кіретіні атап көрсетілді. Сыртқы сынақтарға қарамастан, тауар айналымы 6 миллиард доллар деңгейінде сақталып келе жатса, Францияның инвестициясы 12 миллиард доллардан асып отыр. Сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық сала­лардағы байланыстарды кеңейту туралы уағдаластықтарға қол жеткізілді.

Екі ел басшылары халықаралық күн тәртібінің көкейкесті мәсе­­­лелерін талқылады. Украинадағы дағдарысты реттеуде прогресс бар екені атап өтілді. Қазіргі заманғы сын-қатерлермен және қауіптермен күрестегі ынтымақтастық мәселе­леріне ерекше назар аударылды. Мемлекет басшысы Ф.Олландты Қазақстанның БҰҰ туы астында терроризмге қарсы іс-қимыл танытатын біртұтас әлемдік желі құру туралы бастамасынан хабардар ете келіп, Франция басшысына екі елдің күш-жігерін жаһандық қатерлермен күресте біріктіруді ұсынды.

Келіссөздер қорытындылары бойынша Бірлескен декларация қабыл­данып, Францияның ЭКСПО-2017 көрмесіне қаты­саты­ны туралы шартқа, сондай-ақ, жалпы сомасы шамамен 2 миллиард доллар болатын 10-нан астам коммерциялық келісімдерге қол қойылды.

Парижде Нұрсұлтан Назарбаев ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде болып, осы беделді халықаралық ұйым­ның басшылығымен кездес­ті және ЮНЕСКО Бас конферен­ция­сының 38-ші сессиясына қатысты.

Конференцияда сөйлеген сөзінде Қазақстан Президенті терроризм мен экстремизмді шешімді түрде жазғыра келіп, осы қауіпті сын-қатерге қарсы іс-қимыл таныту үшін біртұтас халықаралық майдан қалыптастыруға шақыр­ды. Н.Ә.Назарбаев ислам ради­ка­лизмімен күрестегі күш-жігер бейбітсүйгіш исламға көзқарасты қатаңдатуға алып келмеуі тиістігін атап көрсетті және «Ислам терроризмге қарсы» форумын шақыруды ұсынды.

Жақында Францияда, Египет­те және Малиде жасалған жантүршігерлік лаңкестіктер аясында Қазақстан Көшбасшысының БҰҰ мен ЮНЕСКО мінберлерінен айтылған антитеррорлық бастамалары өзінің көкейкестілігімен ерекшеленгені айтпаса да түсінікті. Олар «шебер саясаткер болу - демек, дер кезінде шара қабылдау» деген белгілі ақиқатты қуаттап берді. Қазақстан Көшбасшысының маңызды қасиеті оның саяси оқиғаларды өткір сезіну қабілеті, оқиғаның дамуын алдын ала көре біліп, дер кезінде бастамалар ұсынуы болып табылады.

Америка бағыты президенттер Н.На­зарбаев пен Б.Обаманың Нью-Йорктегі жемісті келіссөздерімен атап өтілсе, оның практикалық нәтижесі Астана мен Вашингтон арасындағы стратегиялық әріптес­тікті нығайтуда үлкен маңызға ие АҚШ Мемлекеттік хатшысы Дж.Керридің Қазақстанға алғашқы ресми сапары болды.

Үстіміздегі жылдың 28 қыр­күйегінде Нью-Йоркте, сондай-ақ, Қазақстан Президентінің америкалық бизнестің «капитандарымен» - АҚШ-тың Guggenheim JP Morgan Pfizer Blackstone секілді және басқа да аса ірі компанияларының, инвестициялық қорлары мен қаржы институттарының басшыларымен кездесуі болып өтті. Кездесу барысында компаниялардың Қазақстан экономикасын дамытуға әрі қарай қатысу жолдарын кеңейту, Ас­танада Халықаралық қаржы орталығын құру шеңберінде ынтымақтастықты арттыру мүмкіндіктері қарастырылды.

2015 жылы көпжақты форумдар мен екіжақты сапарлар аясында Президент Нұрсұлтан Назарбаев іс жүзінде «Үлкен жиырмалықтың» (G-20) барлық лидерлерімен: Бразилия, Ұлыбритания, Германия, Үндістан, Италия, Қытай, Мексика, Ресей, АҚШ, Түркия, Франция, Оңтүстік Корея, Оңтүстік Африка Республикасы, Жапония, сондай-ақ, Еуропалық одақ елдерінің басшыларымен кездесіп, келіссөз жүргізді.

Н.Ә.Назарбаевтың Еуропалық одақ басшылығымен келіссөзі барысында негізгі тақырыптардың бірі Қазақстан мен ЕО арасында кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы жаңа келісімге қол қою болды. Аталған құжат бойынша экономика, сауда-саттық және инвестициялар секілді маңызды салаларды қоса алғанда, ынтымақтастықтың 30-дан астам саласы қамтылып отыр.

Алда Қазақстан Республикасы-Еуропалық одақ арасында ЕО-ның Шетел істері және қауіпсіздік сая­саты жөніндегі Жоғарғы өкілі Ф.Могеринидің қатысуымен жасалатын жаңа келісім 2015 жылдың кең ауқымды әрі теңдессіз сыртқы саяси ынтымақтастық маусымын аяқтайтын болады.

Нұрсұлтан Назарбаевтың 2015 жылғы халықаралық қызметінің қорытындысын шығара отырып, Мемлекет басшысының осы бағытта үлкен күш-жігер жұмсағанын атап өткен орынды. Сонымен, өтіп бара жатқан жылы Н.Ә.Назарбаев шет­елдерге 13 сапар жасап, жол жүрсе, олардың 1-еуі мемлекеттік, 5-еуі ресми сапарлар болып табылады. Елбасы, сондай-ақ, 23 халықаралық саммиттер мен форумдарға қатысты.

Қазақстанға сапарлармен 13 шет елдің мемлекет және үкімет басшылары келсе, олардың 2-уі мемлекеттік, 8-і ресми сапарлар болды.

Жыл бойына Қазақстан Прези­дентінің шамамен 100 шақты мемлекет және үкімет, халықаралық ұйымдар мен компаниялар басшыларымен, шетелдік саяси және қоғам қайраткерлерімен кездесулері болды, сондай-ақ, 50-ден астам рет телефон арқылы сөйлесті.

Мемлекет басшысының қаты­суымен өткен халықаралық шаралар барысында ынтымақтастықтың түрлі салаларында, оның ішінде жалпы сомасы шамамен 46 мил­лиард доллар болатын 130 коммер­циялық келісімшарттар бар, 200-дей екіжақты құжаттарға қол қойылды.

Мемлекет басшысы Қазақ­­­­станға келген 15 шетелдердің елшілерінен сенім грамоталарын қабылдап, Қазақстан Республикасында тір­келген дипломатиялық корпуспен жыл сайынғы кездесуге қатысты.

Президенттің авиалайнері шет­елдік ұшуларда әуе ке­ңістігінде шамамен 140 сағат болып, 100 мың шақырымнан астам қашықтықты ұшып өтті. Халықаралық сапар­лардың географиялық ауқымы өте кең, яғни іс жүзінде Азия, Америка және Еуропа құрлықтарының барлық маңызды елдерін қамтиды.

Қазақстан Президентінің «Үлкен жиырмалық» елдері лидерлерімен, сондай-ақ, Әзербайжан, Ауғанстан, Венгрия, Венесуэла, Вьетнам, Египет, Қырғызстан, Куба, Литва, Люксембург, Моңғолия, Нидер­ланд, Пәкістан, Сербия, Тәжікстан, Хорватия, Чехия және басқа да елдер басшыларымен келіссөздері Мемлекет басшысының жоғары халық­аралық беделінің, Қазақ­стан­ның тәуелсіздік жылдарында қол жеткізген табыстары мен Нұр­сұлтан Назарбаевтың халық­аралық сая­саттағы көкейкесті проблемаларды ше­шудегі белсенді конструктивті рө­лін танудың жарқын көрінісі болды.

Шетелдік әріптестерімізге Қазақ­стан Көшбасшысының қару­сыздану мен таратпау саласындағы бастамаларының, Украинадағы дағдарысты, Иранның ядролық бағдарламаларын, Ауғанстан проб­лемасын, Таяу Шығыстағы жағ­дайларды реттеу, жаһандық сын-қатерлер мен қауіптерге қарсы әрекет ету, өркениетаралық үнқа­тысу мен халықаралық күн тәрті­біндегі басқа да көкейкесті тақырыптарға қатысты ұстанатын дана, салмақты көзқарасының жағымды әсер ететіні сөзсіз.

Президент Н.Ә.Назарбаевтың сыртқы саяси жұмысының аса маңызды қорытындылары ­Қазақ­станның жаңа халықара­лық кескінде лайықты орнын қамтамасыз етуі, еліміздің да­мыған нарықтық экономикасы мен тәуелсіз сыртқы саясаты бар ықпалды өңірлік держава ретінде әлемдік кеңістікке сенімді кірігуі болып табылады.

Қазақстан Көшбасшысының белсенді халықаралық қызметі еліміздің ішкі дамуын қамтамасыз ету, экономиканы өсіру, индустрия­лық-инновациялық және инфрақұ­рылымдық жаңғыртуларды жүзеге асыру, елдің бәсекеге қабі­летті­лігін, халықтың әл-ауқатын арттыру, сондай-ақ, қоғамды топтастыру, құқықтық мемлекет пен демо­кратиялық институттарды нығай­ту үшін оңтайлы жағдайлар қалып­тастыруға оң ықпал етіп отыр.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақ­станды әлемдік саясаттың «дауылдары» арасымен Отанымызды әлемдегі аса дамыған 30 елдің қатарына қосуды қарастыратын «Қазақстан-2050» Стратегиясының мақсаттарына сенімді түрде бастап келеді.