Президент Орталық Азия – Қытай ақпарат құралдарының форумына құттықтау жолдады

АСТАНА. KAZINFORM — Елордада Президенттік орталықта Орталық Азия мен Қытай ынтымақтастығы және дамуы форумы, сондай-ақ ІІІ «Жібек жолы» халықаралық коммуникациялық конференциясы өтіп жатыр, деп хабарлайды Kazinform тілшісі. 

Президент Орталық Азия – Қытай ақпарат құралдарының форумына құттықтау жолдады
Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

Форум Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауымен ашылды. Құттықтау хатын Президент көмекшісі Арман Қырықбаев оқып берді.

Президент Орталық Азия – Қытай ақпарат құралдарының форумына құттықтау жолдады
Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

− Сіздерді Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин мырзаның Қазақстанға сапарына және екінші «Орталық Азия — Қытай» саммитіне орай өтіп жатқан алқалы жиындардың басталуымен құттықтаймын! Мұндай іс-шаралар Қазақстан мен Орталық Азия елдерінің Қытаймен гуманитарлық диалогын орнықтырып, мәдени ықпалдастығын арттыра түседі. Татулық, достық және жан-жақты стратегиялық әріптестік қағидаттарына негізделген қазақ-қытай қарым-қатынастары жыл сайын нығайып келеді. Биылғы жыл «Қазақстандағы Қытай туризмі жылы» деп жарияланды. Соның аясында өзара түсіністік пен ықпалдастықты тереңдете түсуге арналған ауқымды жобалар ұйымдастырылады. Бүгінгі басқосуда елдеріміздің бұқаралық ақпарат құралдарының байланысын одан әрі жақсартуға мүмкіндік беретін маңызды ұсыныстар мен салмақты ой-пікірлер айтылады деп сенемін. Баршаңызға зор денсаулық, бақ-береке тілеймін! Жұмыстарыңыз табысты болсын! , − деп жазылған Президент құттықтауында. 

Айта кетейік, форум «Қытай мен Орталық Азия арасындағы ынтымақтастықтың жаңа кезеңін құру үшін БАҚ-ты интеграциялау» тақырыбында өтіп жатыр.

Іс-шараны Қытайдың «Синьхуа» ақпарат агенттігі және Қазақстан Республикасы Президентінің Телерадиокешені бірлесіп ұйымдастырған. Форумға 6 елдің медиа саласында жұмыс істейтін шамамен 140 өкіл қатысып жатыр.

Кездесуде өңірлік ақпарат алмасуды кеңейту жолдары, бірлескен жобаларды іске қосу және гуманитарлық байланыстарды нығайту мәселелері талқыланбақ.

Айта кетейік, 17 маусым күні елордадағы Тәуелсіздік сарайында «Орталық Азия – Қытай» ІІ саммиті өтті.

Саммитте Астана декларациясына қол қойылды. 

Одан бөлек Қытай Орталық Азияның 5 еліне 1,5 млрд юань қайтарымсыз көмек ұсынбақ.

Келесі саммит енді екі жылдан кейін Бейжіңде өтеді.

Соңғы жаңалықтар