Президент Орталық Азия мен Корея жастарына арналған жаңа бағдарлама қабылдауды ұсынды
АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия мен Корея арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты одан әрі нығайтып, жастарға арналған Central Asia – Korea Future Generation бағдарламасын қабылдауды ұсынды, деп хабарлайды Ақорда.
Президент саммитке қатысушы мемлекеттердің мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайтуда айтарлықтай табысқа жеткеніне назар аударды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия елдері мен Корея арасындағы тарихи байланыстарда корё-сарам қауымының айрықша рөл атқаратынын атап өтті.
– Елдеріміздің арасында тарихтан тамыр тартатын бауырластық байланыстар қалыптасқан. Бұл ретте өңірдегі мемлекеттер халқымен біте қайнасып кеткен корё-сарам қауымы айрықша рөл атқарады. Корей диаспорасы Орталық Азия мен Корея арасындағы достыққа дәнекер болып отыр. Қазақстан елімізде пана тауып, өсіп-өнген корей халқының салт-дәстүрі мен мәдениетін сақтауына ерекше қамқорлық көрсетті, – деді Мемлекет басшысы.
Президент келесі жылы корейлердің Орталық Азияға жер аударылғанына 90 жыл толатынын айтып, осы тарихи оқиғаға арналған арнайы іс-шара ұйымдастыруды ұсынды.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы жастардың өзара байланысын күшейтуге, білім және мәдениет салаларындағы ықпалдастық мүмкіндіктерін кеңейтуге арналған Central Asia – Korea Future Generation бағдарламасын қабылдау қажет деп санайтынын жеткізді.
Саммитте Корея Республикасының Президенті Ли Чжэ Мёң, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов және Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев сөз сөйледі.
Айта кетейік, қазақ-корей келісімдері энергетика, ғылым, жұмыспен қамту және туризм саласын қамтыды.