Президент: Орталық Азия және Кавказ аймағындағы экономикасы ең ірі елміз
ТАРАЗ. KAZINFORM — Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысы жұртшылығымен кездесуі барысында биыл халықаралық кездесулердің нәтижесінде жалпы құны 70 миллиард доллардан асатын коммерциялық келісімдерге қол қойылғанын айтты.
— Қазақстан көршілермен және барлық мүдделес мемлекеттермен дәйекті түрде достық қарым-қатынас пен жан-жақты ынтымақтастық орнатып келеді.
Біздің мақсатымыз — айқын. Ол — елдің егемендігін нығайту, Қазақстанның қауіпсіздігі мен әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ететін міндеттерді шешу. Әрбір саммит, жоғары деңгейдегі әр кездесу, бизнес-форум еліміздің халықаралық беделін арттырып, экономикалық әлеуетін күшейтеді, — деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев қазір бүкіл әлемде инвестиция үшін қызу бәсеке жүріп жатқанын айтты.
— Бізге бұдан қалыс қалуға болуға болмайды. Орталық Азиядағы және Кавказ аймағындағы экономикасы ең ірі ел саналамыз.
Алайда Үкіметке сапалы өсімді қамтамасыз ету міндеті жүктелді. Үкімет пен Ұлттық банк өзара келісе отырып, қазіргідей күрделі, тіпті, ерекше жағдайда академиялықтан және әсіресақтықтан ада, нақты шешім қабылдауы қажет.
Тек биылдың өзінде халықаралық кездесулердің нәтижесінде жалпы құны 70 миллиард доллардан асатын коммерциялық келісімдерге қол қойылды. Соның арқасында елімізде заманауи кәсіпорындар ашылып, сапалы жұмыс орындары құрылуда, — деді ол.
Айта кетелік Тоқаев елімізде әлеуметтік саланы дамыту бағытында қолға алынған шараларға тоқталған еді.