Президент Пәкістанның озық цифрлық шешімдер енгізу жөніндегі шараларына жоғары баға берді

ИСЛАМАБАД. KAZINFORM — Қасым-Жомарт Тоқаев цифрландыру елдеріміз арасындағы сауда және инвестициялық ынтымақтастық салалары бойынша прогрестің негізгі факторына айналады деп пайымдайды, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Касым-Жомарт Токаев и Шахбаз Шариф приняли участие в работе казахско-пакистанского бизнес-форума
Фото: Ақорда

Тоқаев атап өткендей, Премьер-министр Шахбаз Шариф Пәкістан экономикасын болашақта бәсекеге қабілетті ету үшін цифрлық трансформацияның маңызды рөл атқаратынын ұдайы айтып келеді. Қазақстан бұл көреген ұстанымды құптайды әрі екі ел үшін де цифрлық инновациялардың әлеуеті зор деп біледі.

— Біз алдағы бірнеше жылда толық цифрлық елге айналу жөнінде өршіл мақсат қойдық. Оған қол жеткізу үшін өңірдегі алғашқы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін құрдық. Инновацияның, зерттеу мен технологиялық прогрестің жетекші платформасы ретінде қызмет ететін Халықаралық Жасанды интеллект орталығын аштық. Alatau City кешенді құқықтық, цифрлық және қаржылық экожүйе қалыптастырады. Бұл еліміздегі қалаларды дамытуда маңдайалды жоба болмақ. Сонымен қатар экономиканың инновациялық және перспективті секторларында орнықты дамытуды ынталандырып, қаржы тартады. Былтыр екі суперкомпьютерді іске қостық. Бұл ауқымды дербес тілдік моделдерді әзірлеу және Қазақстандағы технологиялық прогресті жеделдету ісінде маңызды қадамға айналды. Біздің күш-жігеріміз ұлттық, тіпті жаһандық деңгейдегі ірі IT компаниялардың құрылуына ықпал етті. Мысалы, қазақстандық InDrive платформасы Пәкістанда кеңінен пайдаланылады. Былтырғы көрсеткіш бойынша, қосымша Пәкістандағы такси нарығының 60 пайыздан астамын иеленген. Осылайша, қала ішіндегі қозғалыста бірінші орынға шыққан. Пәкістандық серіктестерді IT және инвестиция салаларындағы мүмкіндіктерімізді пайдалануға шақырамын, — деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев екі ел арасындағы серіктестік жаңа кезеңге қадам басқанын және экономикада екіжақты күн тәртібінің барлық саласын қамтитын байланысты тереңдетуге мол мүмкіндік бар екенін атап өтті. 

Бұдан бұрын Қазақстан мен Пәкістан мұсылман елдері үшін орнықты азық-түлік жүйесін құруға күш біріктіретіні анықталды.

Соңғы жаңалықтар