Президент рақымшылық туралы заңға қол қойды: 1 миллионға жуық айыппұл кешіріледі
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының қабылдануына байланысты рақымшылық жасау туралы» Қазақстан Республикасының Заңын бекітті.
Абай облысы Полиция департаменті баспасөз қызметі мәліметінше, рақымшылық қоғамға қауіп төндірмейтін, адамдардың өмірі мен денсаулығына, қоғамдық қауіпсіздікке және заңмен қорғалатын қоғам мен мемлекеттің өзге де маңызды мүдделеріне зиян келтіретін қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылықтар жасаған адамдарға қолданылады.
Қылмыстық жауаптылықтан және жазадан негізінен қылмыстық теріс қылықтар, онша ауыр емес қылмыс жасаған адамдар, сондай-ақ келтірілген залал болмаған немесе толық өтелген жағдайда орташа ауырлықтағы қылмыс жасаған жекелеген санаттағы адамдар босатылады. Заңға сәйкес, сотталғандардың белгілі бір санатына жасалған қылмыстың ауырлығы, келтірілген залалдың өтелуі және жазаны өтеу кезеңіндегі мінез-құлқы ескеріле отырып, жазаның өтелмеген бөлігінің мерзімі қысқартылады.
Алдын ала есеп бойынша, 16,5 мыңнан астам адам жаңа өмір бастауға мүмкіндік алады. Олардың 2 900-ге жуығы әйел адамдар, оның ішінде жүкті әйелдер мен кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелеп отырған аналар.
Рақымшылық қоғамдық тәртіптің немесе азаматтардың қауіпсіздік деңгейінің төмендеуіне әкелмейді. Өйткені Заң сыбайлас жемқорлық, терроризм және экстремизм қылмыстарын, жыныстық еркіндік пен қол сұғылмаушылыққа қарсы, оның ішінде кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстарды, азаптауды, қылмыстық топ құрамында жасалған қылмыстарды, сондай-ақ қылмысты қайталап немесе аса қауіпті қайталап жасаған адамдарға ешқандай жеңілдік қарастырмайды.
— Сондай-ақ өмір бойына бас бостандығынан айырылғандар мен сырттай сотталғандар да рақымшылыққа ілінбейді. Тәуелсіз Қазақстан тарихында алғаш рет өткізілетін әкімшілік рақымшылық Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 260-тан астам бабында көзделген құқықбұзушылықтар үшін салынған айыппұлдарды төлеуден босатуды көздейді. Тек ішкі істер органдары қарайтын әкімшілік құқықбұзушылықтардың өзіне қатысты 17 млрд теңгеден астам сомаға салынған шамамен 1 миллион айыппұл рақымшылыққа ілігеді. Осылайша, әкімшілік рақымшылық азаматтардың қаржылық жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді, — дейді тәртіп сақшылары.
Сонымен қатар әкімшілік рақымшылық ең өрескел құқықбұзушылықтарды жасаған адамдарға қолданылмайды. Олардың қатарында қару мен есірткінің заңсыз айналымына байланысты құқық бұзушылықтар, жол жүрісі қағидаларын өрескел бұзу (мас күйінде көлік жүргізу, қарсы қозғалыс жолағына шығу және жүргізуші куәлігінен айыруға әкеп соққан басқа да бұзушылықтар), сондай-ақ құқық бұзушылықты қайталап жасаған адамдар бар.
Ведомство атап өткендей, әкімшілік рақымшылық мемлекеттік ақпараттық жүйелер арқылы автоматты түрде жүзеге асырылады. Бұл үшін азаматтардың мемлекеттік органдарға жүгінуі талап етілмейді.
Айта кету қажет, қылмыстық және әкімшілік рақымшылық бір реттік сипатқа ие. Егер рақымшылыққа ілінген адам кейін қайтадан құқықбұзушылық жасаса, ол жалпы негізде заң алдында жауап береді.
Қабылданған Заң ізгілік, әділеттілік және аса қауіпті құқық бұзушылықтар үшін жауапкершіліктің бұлтартпастығы қағидаттарының теңгерімін қамтамасыз ете отырып, азаматтардың құқықтарын, қоғам мен мемлекеттің заңды мүдделерін қорғауға басымдық береді.
Бұған дейін рақымшылыққа іліккен азаматтардың қоғамға қайта бейімделуі қалай жүзеге асатынын жазғанбыз.