Президент іс басқармасы спартакиадасы: үстел теннисінен жарыс өтті

Президент іс басқармасы спартакиадасы: үстел теннисінен жарыс өтті
Фото: Президент іс басқармасы

АСТАНА. KAZINFORM - Бүгін елордада ҚР Президентінің Іс басқармасы мен оған қарасты ұйымдардың жұмыскерлері арасында үстел теннисінен жарыс өтті.

Сайыстың салтанатты ашылу рәсімінде ҚР Президенті Іс басқармасы аппаратының басшысы Серік Кенжебаев сөз сөйледі.

Серік Кенжебаев
Фото: Президент іс басқармасы

- Үстел теннисіндегі шапшаңдық, шешімталдық, мергендік сынды қасиеттер ойыншының бойындағы күш-жігерін бір мақсатқа жұмылдыруға, кедергілерді жеңуге баулиды. Балалар күні мерекесіне орай, біз спартакиада аясындағы турнирге Іс басқармасы жүйесінде еңбек ететін азаматтардың балаларын да қатыстырып отырмыз, - дей келе, С.Кенжебаев қатысушыларға сәттілік тіледі.

Тартысты бәсекеге ҚР Президенті Іс басқармасы орталық аппараты, Медициналық орталық, «Қарлығаш» балабақшасы, «Оқжетпес» емдеу-сауықтыру кешені, Материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасы, Мемлекеттік резиденциялар дирекциясы, ҚР Президентінің Әкімшілігі мен Үкіметінің әкімшілік ғимараттары дирекциясы, Автошаруашылық, «Бүркіт» авиакомпаниясы, Инженерлік-техникалық орталық, «Қазқұрылысжүйесі» серіктестігі, «Бурабай-Даму» серіктестігі, Президент Телерадиокешені, «Астана-20» мемлекеттік қоры сынды мекемелердің мамандарынан құралған 14 команда қатысты. Командалардың әрқайсысы 3 адамнан жасақталғанын айта кетейік.

Президент іс басқармасы спартакиадасы: үстел теннисінен жарыс өтті
Фото: Президент іс басқармасы

Турнир қорытындысы бойынша «Оқжетпес» емдеу-сауықтыру кешенінің командасы бас бәйгені жеңіп алды. Автошаруашылық намысын қорғаған үштік екінші орынды иеленді. Жүлделі үшінші орын Инженерлік-техникалық орталыққа бұйырды.

«Оқжетпес» ойыншысы Сағыныш Әлиев «Үздік ойыншы» номинациясын жеңіп алса, «Техникасы шебер ойыншы» аталымы Инженерлік-техникалық орталық маманы Айдын Мұхаметжановқа бұйырды.

Президент іс басқармасы спартакиадасы: үстел теннисінен жарыс өтті
Фото: Президент іс басқармасы

6-14 жас аралығындағы балалар бақ сынаған бәсекеде бірінші орынды Гузаль Смайлова, жүлделі екінші және үшінші орындарды Мәди Болат пен Асқар Ахылбек жеңіп алды. «Жеңіске деген жігері үшін» аталымына Мадияр Қадырбек, «Ең жас ойыншы» аталымына қыздардан 6 жасар Айбибі Тілешева, ұлдар арасынан 7 жасар Санжар Маралов лайық деп табылды.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы кубок пен медальдар, тиісті дипломдар тапсырылды.

ҚР Президентінің Іс басқармасы жүйесіндегі спартакиада аясында бұған дейін тоғызқұмалақ пен шахматтан жарыс өткенін айта кетейік. Қатысушылар жыл соңына дейін шағын футбол, волейбол, қазақ күресі, бильярд сынды спорт түрлерінен сайысады.

Соңғы жаңалықтар