Президент сайлауының қорытындысы 9 сәуірден кешіктірілмей анықталуы тиіс - ОСК
Бұл туралы бүгін Орталық сайлау комиссиясының отырысында аталмыш комиссия төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов айтты.
Төрағаның сөзіне қарағанда, сайлаушылардың толық және дәл тізімдерін жергілікті атқарушы органдар тиісті сайлау комиссияларына 13 наурыздан кешіктірмей жолдауы тиіс. Ал 18 наурыздан бастап, тізімдер азаматтардың танысуы үшін ұсынылады. Азаматтар сайлаушылар тізіміне тұрғылықты жері бойынша енгізіледі. «Егер ол тіркеу орнынан басқа жаққа кететін болса, 18 наурыз бен 2 сәуір күнгі сағат 18-00-ге дейін өзінің учаскелік сайлау комиссиясына барып, дауыс беру құқығын беретін есептен шығару куәлігін беру туралы өтініш білдіре алады. Дауыс беру 3 сәуір күні жергілікті уақыт бойынша, таңғы сағат 7-00-ден кешкі сағат 20-00-ге дейін жүреді»,-деді ОСК төрағасы.