Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпір келесі жылы іске қосылады
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Шығыс Қазақстан облысы Күршім мен Самар аудандарының арасын жалғайтын «Қызыл ту» өткеліне салынып жатқан көпір келесі жылы сынақ режимінде іске қосылады, деп хабарлайды Kazinform.

ШҚО жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметіне сүйенсек, жалпы ұзындығы 1316 метр болатын көпірді салуға 61,4 млрд теңге жұмсалмақ.
Бүгінгі таңда 27,4 млрд теңге игерілді.
Жыл соңына дейін республикалық бюджеттен құрылысқа бес млрд теңге бөлінбек. Сондай-ақ облыстық бюджеттен 3 млрд теңге қарастырылған.
«Қазірдің өзінде үш млрд теңгенің жұмысы аяқталды. Ақша бөлінбей қалған кезде де мердігерлер тоқтамай, несие алып, жұмысты жалғастырған. Енді ақша түскен соң тағы да көпір аралықтары сатып алынады. Олар Ресейдің Қорған қаласынан жеткізіледі», - дейді басқарма басшысы Нұржан Жұмаділов.
Оның айтуынша, егер 2024 жылы қаржыландыру жоспарға сәйкес жүргізілсе жыл соңына дейін көпір сынақ режимінде іске қосылады.
Ал келісімшарт бойынша құрылыс 2025 жылдың бірінші жартысында түпкілікті аяқталуы керек.