СҚО-да магистральдық газ құбырын жобалау жұмыстары басталды
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM - Солтүстік Қазақстан облысын табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында Астанадан Ресей шекарасына дейін магистральдық газ құбырын салу бойынша жобалау жұмыстары басталды.
СҚО әкімінің орынбасары Нұрлан Кеңесов Президенттің облысты газдандыру жөніндегі тапсырмасын жүзеге асыруда нақты қадам жасалғанын айтты. Бұл өңір тұрғындары үшін көптен күткен маңызды жаңалықтардың бірі. Газ инфрақұрылымының дамуы облыстың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттырып қана қоймай, халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға да мүмкіндік береді.
- Бұл - облысымыздың газға қол жеткізуіне үлкен үміт беретін маңызды қадам. Алда әлі атқаратын жұмыс көп, газ құбырының нақты бағытын (трассировкасын) зерделеп, техникалық мәселелерді пысықтау қажет. Қазір жұмыс тобы осы бағытта белсенді жұмыс жүргізіп жатыр. Ең бастысы - іс басталды. Бұйырса, алдағы уақытта облысымызға көгілдір отын да жететін күн алыс емес! – деді облыс әкімінің орынбасары.
Магистральдық газ құбырын салу - ауқымды әрі жауапты жоба. Сондықтан оның бағытын анықтау, техникалық талаптарды белгілеу және құрылыс кезеңдерін жоспарлау үлкен дайындықты қажет етеді.
Мамандардың айтуынша, табиғи газдың келуі елді мекендердің инженерлік инфрақұрылымын дамытуға, тұрғындардың көмір мен басқа да отын түрлеріне тәуелділігін азайтуға және қоршаған ортаға түсетін салмақты төмендетуге ықпал етеді.
Сонымен қатар газ инфрақұрылымының қалыптасуы өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттырып, жаңа өндірістік жобаларды жүзеге асыруға қосымша мүмкіндік беруі мүмкін.
Бұған дейін Қазақстанда газдандыру қарқыны қандай екенін жазған едік.