Президент тапсырмасы: Сайланған әкімдер сенімді ақтап жүр ме

АТЫРАУ. KAZINFORM – Мемлекеттік қызметшілер атқаратын лауазым аз емес. Сондай лауазымның бірі – әкім. Атқаратын қызметіне орай әр деңгейге бөлінеді. Президенттің ұсынысымен 2021 жылдан бері ауыл әкімдерін тікелей сайлау жүйесі енгізіліп, тұрғындар дауыс беру мүмкіндігіне ие болды. Былтыр аудан әкімдері де осы әдіспен сайланды. Ал, сайланған әкімдер сенімді ақтап жүр ме?

референдум, выборы, сайлау
Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Әкім болуға әркімнің бар таласы

Атырау облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Азамат Айманакумовтың мәліметінше, өңірде 2021 жылдан бері 75 рет ауылдық округте әкім сайлауы өткізілген. Ал биыл ауыл тұрғындары 15 округ әкімінің сайлауында дауыс берді.

Еліміздің жоғары оқу орындарында әкім лауазымына оқытатын мамандық жоқ. Бірақ, кез келген мамандықтың иесі әкім болуға ұмтылады. Бұрын әкімдер тағайындалып келді. Ал, қазір ауыл тұрғындарының тікелей дауыс беруімен сайланатын болды. Атырау облысында ауыл тұрғындары жаңадан сайлаған округ әкімдері әр саладағы мамандықты меңгерген. Мәселен, 15 әкім экономист. Мектепте оқушыларға дәріс берген 22 мұғалім де округ әкімі болып отыр. Ауыл әкімдерінің қатарында 16 заңгер мен 8 инженер бар. Сайлауға дейін басқа мамандықпен жұмыс істеген 7 адам енді ауыл әкімі болып жүр.

Жалпы, елімізде ауыл әкімдерінің алғашқы сайлауы тәжірибе ретінде 2001 жылы басталды. Сол жылғы 20 қазанда өткен ауыл әкімдерінің сайлауы Атырау облысында Махамбет ауданындағы Сарытоғай ауылы мен Мақат ауданының Қошқар кентінде өтті. Тарих еншісіне енген сол сайлауда екі әйел адам басым дауысқа ие болып, өздері тұратын елді мекенді басқару тізгінін қолға алды. Алайда, кейін Қошқар кенті экологиялық ахуалға байланысты таратылып, тұрғындары көшірілді.

«Қазір Атырау қаласы мен Жылыой, Құрманғазы, Исатай, Индер, Қызылқоға, Мақат аудандарында 63 ауылдық округ тіркелген. Бұған қоса, аудандық маңыздағы Құлсары қаласы, Мақат, Доссор, Индер, Жаңа Қаратон кенттік округі бар», - дейді Азамат Айманакумов.

Құрманғазыда – 19, Жылыойда – 7, Мақат ауданында 3 округ бар

Өңірдегі жеті ауданда тұрғындар саны мен округтер саны әртүрлі, бірінде көп, енді бірінде өте аз. Мәселен, Жылыой ауданында 2022 жылғы 1 қазандағы мәліметке сәйкес тұрғындар саны 86 мың 118 адам болған. Тұрғыны аз болмаса да бұл ауданның құрамына 1 қала, 1 кент, 5 ауылдық округ кіреді.

Ресейдің Астрахан облысымен шектесетін Құрманғазы ауданында ең көп ауылдық округ тіркеліп отыр. Мұнда 49 елді мекенді біріктіріп отырған 19 ауылдық округ бар. Шекарада орналасқан ауданда ауылдық округ саны көп болғанымен, мұнда 56,1 мың адам тіркелген. Бұл – 2023 жылғы мәлімет. Ауылдар бір-бірінен қашықта жатыр. Мәселен, Асан, Азғыр және Сүйіндік ауылдық округтерінің тұрғындары аудан орталығына автокөлікпен жету үшін 7-8 сағаттай жол жүреді.

Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде майдандағы танкілерге құятын жанармай ретінде мұнай жіберілген Мақат ауданында үш қана округ бар. Оның бірі – ауылдық, екеуі – кенттік. Тұрғындардың дені Мақат және Доссор кентін мекен еткен. Ауданда тіркелген 29 590 адамның 1 838-і Бәйгетөбе жалғыз ауылдық округінде тұрады. Бұл округ Мақат кентіне тиіп тұр. Өйткені, теміржолдың бір жағында Мақат кенті, екінші тұсында Бәйгетөбе орналасқан.

Ауылдық округке де, аудан мен облысқа да әкім болу оңай емес. Өйткені, әкімнің жұмысына үнемі сын айтылады. Әкімдер құдды ұстараның жүзінде жүргендей жұмыс істейді. Оны осы қызметті атқарғандар жақсы біледі. Әсіресе «кіші» әкімдерге оңай емес. Өзі басқаратын ауыл тұрғындарының әлеуметтік тұрмысын жақсарту үшін инженерлік құрылымдардың ескісін жаңартудың да, жаңадан желі тартудың да машақаты көп. Кейбір ауылдарда 7-8 жыл бұрын басталған әлеуметтік нысандар құрылысы аяқталмай тұр. Ауыл әкімінің сөзін тендерден нысан құрылысын жүргізуді ұтып алған мердігерлер жүре тыңдайды. Нысандар құрылысының мерзімінде аяқталмағанына ауыл әкімдерін кінәлі ететін тұрғындар кездеседі. Олар әкімдер жұмысына салғырт қарайды деген уәжді алға тартады. Тіпті таза ауызсу, газ желісін тарту кешіксе де әкімдер жұмысына сын қарша борайды.

Бірақ бұрыннан әкім лауазымында жұмыс істеп, қайтадан сайлауға түскен үміткерлерді, мемлекеттің өзге буынында қызмет атқарғандарды қолдаған тұрғындар бар. Мәселен, 53 округтің әкімі сайлауға дейін мемлекеттік қызметтің қазанында қайнап, тәжірибе жинаған. Тұрғындардың сенім білдіруімен соңғы үш жылда 28 әкім қайтадан сайланды. Бұрынғы әкімнің жұмысына Атырау қаласының маңындағы Алмалы, Махамбет ауданындағы Сарайшық, Исатай ауданының Нарын, Құрманғазы ауданында орналасқан Жаңаталап, Сүйіндік және өзге де ауылдық округтердің тұрғындары тағы да сенім білдірді. Индер ауданындағы Бөдене, Есбол ауылдық округтерінің тұрғындары іс басындағы әкімнің жұмысын қайта жалғастыруға тағы бір мәрте мүмкіндік берді. Ал, бұрын бұл салада жұмыс істемеген 23 адам әкім болуға мүмкіндік алды.

Әкім болдың қанша күн?

Дегенмен ауыл әкімінің орынтағына жастардың отырғанын қолайлы көретін тұрғындар да бар. Өңірдегі ауыл әкімдерінің ең жасы – Жанғазы Еркінов. Қазір Жылыой ауданындағы Қосшағыл ауылдық округінің әкімі қызметін атқарады. Оның жасы – 27-де. Бұл қызметке былтырғы қаңтарда сайланған. Округ әкімінің лауазымына дейін мемлекеттік қызмет саласында жұмыс істеп келген.

Ал, Исатай ауданындағы Аққыстау ауылдық округінің әкімі Ғаділ Боранбаев әріптестері арасындағы жасы үлкені саналады. Ол 1963 жылы туған. Үш жылдан бері аталған округті басқарады. Оның мамандығы – дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі. Мектепте мұғалім, аудандық білім бөлімінде әдіскер, білім ордасының директоры болған. Мамандығына сәйкес келмесе де «Жалын» мәдениет үйінің директоры, «Қамысқала су арнасы» ЖШС бас инженері, «Тех Сервис» ЖШС директорының орынбасары секілді қызметтерді атқарыпты.

Округ әкімі болу мақсатына қол жеткізгенімен, бұл қызметті ұзақ атқара алмағандар да бар. Оған түрлі себеп әсер етеді. Мәселен, біреуі зейнет жасына толуына байланысты, ал 8 әкім өз өтінішімен орынтағын босатқан. Ауыл тұрғындарының сеніміне ие болған 9 әкім басқа жұмысқа ауысып кетіпті. Алайда, 3 әкімнің жұмыстан босатылуына мемлекеттік қызметке тән емес әрекеті себеп болған.

Соңғы үш жылда ауылдық 47 округтің әкімі жаңарған. Бұл - ауыл әкімдерінің 62,7 пайызы. Демек, ауыл тұрғындары жаңа әкімдерге үміт артқысы келеді.

Тұрғындар өздері сайлаған әкімдердің жұмысы ширағанын қалайды

Атырау облысында былтырғы 5 қарашада Қызылқоға мен Исатай ауданында аудан әкімінің сайлауы өтті. Екі ауданның бір-біріне ұқсастығы аз емес. Тұрғындарының дені ауыл шаруашылығы мен мұнай-газ өнеркәсібінде жұмыс істейді. Нарықтың талабына сай кәсіпкерлікті жандандырып, өз кәсібін ашқандар да аудан экономикасына үлес қосып жүр. Теміржол бойында орналасқан елді мекендері де бар. Екі ауданның аумағымен Ақтөбе-Атырау-Ресей Федерациясының шекарасы бағытына қатынайтын ең ұзын көлік жолы өтеді. Ауданның екеуі де Батыс Қазақстан облысымен шектеседі.

Бұрын Исатай ауданы бірнеше рет таратылып, бірнеше рет қайта құрылды. Қазір бұл ауданның 7 ауылдық округіне 16 елді мекен кіреді. Тұрғындар саны 30 мыңға жуықтады. Ал Қызылқоға ауданы облыс орталығынан шалғайда орналасқан. Мұндағы 10 ауылдық округке кіретін 26 елді мекенде 31 710 тұрғын тіркелген. Аудан әкімінің сайлауы кезінде Исатай ауданында 15 883, ал Қызылқоға ауданында 18 614 адам сайлаушы тізіміне енгізілді.

Аудан әкімі алғаш рет сайланатын болғандықтан ба, бұл лауазымнан көп үміткер дәмелі болған жоқ. Екі ауданның әрқайсысында 3-еуден, барлығы 6 үміткер тіркелді. Үміткерлердің бәрі де мемлекеттік қызметте жұмыс істейді.

Алайда, неге екені белгісіз, әдетте сайлау десе, бәйгеге жүйрік тұлпар қосқандай белсенділік танытатын саяси партиялар көп үміткер ұсына қоймады. Екі аудан әкімінің сайлауына «Amanat» партиясы бір-бірден, ал «Қазақстан халық партиясы» бір үміткерін ұсынды. Үміткерлердің үлкенінің жасы 51-де болса, ең кішісі 37 жаста болды. Мәселен, Исатай ауданының әкіміне кандидаттыққа «Amanat» партиясы Нұрым Мусинді, «Қазақстан халық партиясы» Рашид Мұқановты ұсынды. Ал, Асылан Ғұбаш өзін-өзі ұсынып, бағын сынап көрді. Қызылқоға ауданында «Amanat» партиясынан Қанат Әзмұханов сайлау додасына үміткер ретінде қосылды. Бұл ауданда екі үміткер – Мағжан Жексенов пен Сәндібек Салықов өзін-өзі ұсынды. Аудандық аумақтық сайлау комиссиясы бір үміткерді тіркеуден бас тартты. Оған бұрын осы ауданды басқарып, қайтадан әкім болуға ұмтылған үміткер қажетті құжаттарды толық ұсынбағаны себеп болған.

Алғаш рет өткізілген екі аудан әкімін сайлауда тұрғындар саяси электорат ретінде белсенділік танытты ма? Бұл сауалдың жауабын Атырау облыстық аумақтық сайлау комиссиясының мәліметінен табамыз. Сайлау өткеннен кейін таратылған ақпаратқа сүйенсек, екі ауданда сайлаушылар тізіміне 34 497 адам енгізілген. Сайлау учаскесіне 19 328 сайлаушы келіп, аудан әкімінің лауазымынан үміткерлерге дауыс берген. Демек, сайлаушылардың жартысынан астамы саяси додадан қалыс қалмай, өз таңдауын жасаған.

Сайлаудың қорытындысымен екі ауданда да «Amanat» партиясының үміткері басым дауысты жинады. Бұл үміткердің екеуі де бұрын «Нұр-Отан» саяси партиясында жұмыс істеген. Сөйтіп, сайлаушылардың 4 934 дауысын алған Нұрым Мусин Исатай ауданы әкімі лауазымын атқарып жүр. Экономист-қаржыгер мамандығы бар ол мемлекеттік қызметтегі жұмысын 2004 жылы Аққыстау ауылдық округі әкімдігінде маман ретінде бастаған. 2015 жылға аудандық әкімдіктің құрылысы бөлімінде, аппаратында жұмыс істеді. Аудан әкімі болып сайланғанға дейін аудандық мәслихаттың төрағасы қызметін атқарды.

Екінші аудан – Қызылқоғада ең көп дауыс Қанат Әзмұхановқа берілді. Оған 8 556 сайлаушы дауыс беріп, өз қолдауын білдірген. Бұл үміткер екі мамандықты меңгерген. Бірі – заңгер, екіншісі – қаржыгер. Ресейдегі Астрахань мемлекеттік университетінің магистратурасын бітіріп, Чехияның астанасы Прага қаласындағы «Central Bohemia Institute of Applied Science and Management» институтынан экономика және бизнес саласындағы іскерлік басқару бағдарламасымен ғылыми дәреже алған. Ол 2022 жылы Қызылқоға ауданына әкім болып тағайындалған. Демек, бұл ауданның тыныс-тіршілігімен кеңірек танысып, түйткілді мәселелерін зерттеуге де уақыты болғаны даусыз. Бұл ауданды басқарғанға дейін 2016-2018 жылдары Атырау қалалық мәслихатының хатшысы, 2020 жылы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әлеуметтік әріптестік департаментінің директоры болған. Ал 2020-2022 жылдары Атырау облыстық ішкі саясат басқармасына басшылық жасады.

Ауылды алтын бесігі санап, әлі де өкше көтермей отырған тұрғындар өздері сайлаған округ, аудан әкімдерінің жұмысы ширағанын қалайды. Өйткені, сайланған әкімдер саяси партиялардың емес, алдымен ауыл тұрғындарының сеніміне ие болып, аманатын арқалады. Ал, сенімге селкеу түсіруге, аманатқа қиянат жасауға болмайды.

Айта кетейік, 2025 жылдан бастап облыс орталықтарының әкімдері сайланады.

Соңғы жаңалықтар