Президент тапсырмасы: ШҚО-дағы екі әуежайдың құрылыс қарқыны қандай
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Зайсан және Катонқарағай аудандарында әуежайлар салу жұмыстары жалғасып жатыр.
Қазіргі таңда Зайсан әуежайының құрылысы 76 пайызға аяқталған. Әуеайлақтың негізгі бөлігі — ұшу-қону жолағы, перрон және рульдеу жолы толық салынып бітті. Қазір ғимараттар, инженерлік инфрақұрылым, автожолдар мен аумақты қоршау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
— Катонқарағай ауданындағы әуежай құрылысы 55 пайызға орындалған. Қазіргі уақытта жасанды ұшу-қону жолағына асфальтбетон жабынының екінші қабатын төсеу, ғимараттар мен инженерлік желілер салу, кіреберіс жолдар мен периметрлік қоршау орнату жұмыстары атқарылып жатыр, — деп хабарлады ШҚО әкімдігінен.
Жоспар бойынша Зайсан әуежайының құрылысы осы жазда, ал Катонқарағайдағы әуежайдың құрылысы күздің басында аяқталмақ. Ал қажетті сертификаттау рәсімдерінен кейін екі әуежайды да толық пайдалануға беру жыл соңына дейін жоспарланған.
Әр нысанда 57 тұрақты жұмыс орны ашылады. Құрылыс кезеңінде 320 адам маусымдық жұмыспен қамтылған. Жаңа әуежайлардың операторлық қызметін «Өскемен әуежайы» АҚ атқарады.
Еске салсақ, бұған дейін астананың екінші әуежайы қай ауданда салынуы мүмкін екендігі хабарланған.