Президент тапсырмасымен Зайсан ауданында салынып жатқан әуежай құрылысы қашан аяқталады
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданында салынып жатқан әуежай құрылысының 65 пайызы аяқталды.
Былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес Шығыс Қазақстандағы Катонқарағай мен Зайсан аудандарында әуежай құрылысы басталған болатын.
Қазір Зайсанның Сәтбай ауылындағы нысанда жұмыс бірқалыпты жүріп жатыр.

- Бүгінде әуежай құрылысының 65 пайызы аяқталды. Ұзындығы 2200 метрге жететін ұшу-қону жолағы толығымен салынып бітті. Аталған жобаны іске асыру нәтижесінде алдағы уақытта Қытайдың Үрімші қаласына, Алтай аймағына халықаралық әуе рейстерін және Астана, Алматы және Өскемен қалаларына ішкі әуе қатынастарын ашу көзделіп отыр, - деп хабарлады ШҚО әкімдігінен.
Жоспар бойынша осы жылдың мамыр-маусым айларында әуежай өз жұмысын бастауы тиіс. Қазір әуежай құрылысында 200-ге жуық адам жұмыс істеп жатыр.

Еске салсақ, осыған дейін Павлодар әуежайы қайтарылған активтер есебінен реконструкцияланатындығы хабарланған.