ПРЕЗИДЕНТ ТАПСЫРМАЛАРЫ: ҮКІМЕТ ҚАЛАЙ ОРЫНДАП ОТЫР: Серік Ахметов бағалар тұрақтылығы мәселесін ерекше бақылауға алуды тапсырды

Бұл туралы Үкімет басшысының баспасөз қызметі хабарлады.
Кеңесті ашқан Премьер-Министр «ағымдағы жылдың 11 қазанында Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы тұрақтандырма қорларының қызметіне қарамастан бірқатар әлеуметтік маңыздағы өнімдерге бағалар айтарлықтай өскеніне назар аударғанын» басып айтты.
ҚР Статистика агенттігінің төрағасы Әлихан Смайылов хабарлағандай, ағымдағы жылдың 10 айында елдегі инфляция 3,6% деңгейінде қалыптасты. Жылдың қортындысы бойынша инфляция 5,5%-дан жоғары болмайды деп күтілуде.
«Жалпы алғанда, өткен 10 айға инфляция көлемі жоғары емес деңгейде қалыптасқан және жылдың қорытындысы бойынша болжанған мәннен аспайды. Орташа есеппен алғанда елдегі инфляцияның біршама төмен қарқындарына қарамастан, бірқатар өңірлерде әлеуметтік маңыздағы жеке азық-түліктерге бағалар өсіп жатыр. Жыл басынан бері сүт тауарларына және жарма өнімдеріне бағалардың елеулі өсуі байқалуда», - деді Ә.Смайылов.
Атап айтқанда, оның мәліметінше, пастерленген сүтке бағалар 6-9%-ға Ақмола, Батыс Қазақстан облыстарында және Алматы қаласында, айранға бағалар 6-11%-ға Ақтөбе, Қарағанды, Оңтүстік Қазақстан облыстарында және Астана қаласында артты. Тауық жұмыртқасы 7-ден бастап 23%-ға дейін Жамбыл, Қарағанды, Маңғыстау облыстарында қымбаттады. Сондай-ақ, бірқатар өңірлерде сарымай, жармалар, сүзбе және нан қымбаттады.
Ә.Смайыловтың айтуынша, «бағалардың өсуі факторларының бірі азық-түлік тауарларының импорты болып табылады, оған қоса импорт көлемдері өсу үрдісіне ие».
Бәсекелестікті қорғау жөніндегі агенттіктің төрағасы Болатбек Қуандықов әлеуметтік азық-түлік тауарларының бағаларын талдау нәтижелерін таныстырды, онда жармалар мен макарон өнімдеріне бағалар өскені көрсетілген.
«Жұмыртқаға бағалардың артуы фактілері бойынша БҚА Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарының нарық субъектілеріне қатысты бәсекеге қарсы келісілген іс-қимылды тексеруді бастады. Тамыздан бастап қазанға дейінгі аралықта көтерме сауда бағасы бұл өңірлерде 60%-дан астамға артты. Алдын ала талдау көрсеткендей, бағалардың кенеттен артуына себеп жоқ. Жұмыртқаға баға алыпсатарлық түрде баға келісімі шеңберінде арттырылды деген болжам бар», - деп хабарлады Б.Қуандықов.
Бұдан өзге, ағымдағы жылы БҚА Қостанай облысындағы тауық жұмыртқасын ірі жеткізушіге қатысты монополиялық түрде жоғары баға қою фактісі бойынша тексеруді аяқтады. Қарағанды, Оңтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан облыстарында тексеруді бастау мәселесі қаралуда. Барлығы 2013 жылы Агенттік азық-түлік нарығы субъектілеріне қатысты 7 тексеру жүргізді, соның нәтижесінде 10 нарық субъектісімен антимонополиялық заңнаманың бұзылуы фактілері анықталған. Басқа да бірқатар тексерулер жүргізілуде.
«Тұрақты түрде талдау жүргізулерің керек - бағаның артуына не себеп, доминанталардың келісімі қай жерде жүргізіледі, дәлелдер мен нақты себептері жоқ бағалардың өсуіне не себеп», - деп тапсырды С.Ахметов БҚА басшысына.
«Әлеуметтік нанға қатысты. Облыс әкімі бірінші сұрыптағы нанға бағаның тұрақтылығын қамтамасыз ете алмай ма? Ауыл шаруашылығы министрлігі ұнмен қамтамасыз ету мәселесін шешпейді ме? Кез-келген өңір Тұрақтандыру қорларынан ұн ала алады. Нанға қатысты осы мәселелерді шешуіміз керек. Жер-жерлердегі әкімдер осымен айналысуы тиіс», - деп тапсырды С.Ахметов.
Кеңес барысында ТМРА басшысы Мұрат Оспанов ағымдағы жылдың соңына дейін АИ-92/93 маркалы бензиннің шекті бағасы артпайтынын мәлімдеді.
«Қазір мониторинг жүргізіліп жатыр және Мұнай және газ министрлігінің мәліметінше, баррель құны төмендеуде. Егер 30 күн бойы төмендеумен 5 АҚШ доллары көлемінде сақталса, нақты алғанда 92/93 бензинге баға 5 теңгеге төмендейді», - деп сендірді ол.
Мұнай және газ министрі Ұзақбай Қарабалин де жылдың соңына дейін АИ-92/93 маркалы бензинге бағалардың артуына себеп жоқтығын нақтылады.
«ЖЖМ-ға бағаның тұрақтылығы мәселесі өте маңызды. Сіздер жаңа ағымдағы жылдың соңына дейін АИ 92/93 маркалы бензинге бағалар өспейтіндігін айттыңыздар. Сонымен бірге, келесі, 2014 жылы ЖЖМ бағасы қандай болатынын нақты түсінуіміз керек», - деп басып айтты С.Ахметов.
Күн тәртібі мәселесі бойынша Ақтөбе, Қостанай, Алматы, Қарағанды, Ақмола облыстарының әкімдері баяндады.
Үкімет басшысы «бағалардың өзгеруіне әрекет ету постфактум жүретінін» атап өтті. Осыған байланысты, Экономика министрлігіне Ауыл шаруашылығы министрлігі және Бәсекелестікті қорғау жөніндегі агенттікпен бірге өңірлерге қатысты азық-түліктің негізгі түрлеріне бағаларды болжау әдістемесін жасау тапсырылды.
«Әлеуметтік маңыздылығын ескергенде бағалардың тұрақтылық мәселесі министрлерде де, әкімдерде де ерекше бақылауда болуы тиіс. Әкімдерге нарықты азық-түлік тауарларымен молықтыру бойынша қосымша шаралар қолдануды және бағаларды бақылауды күшейтуді тапсырамын», - деп қорытындылады Серік Ахметов.