Президент тапсырмасы: Бұқтырмаға көпір салу жұмысы қалай жүргізіліп жатыр

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов Бұқтырма арқылы көпір салу бойынша Президенттің тапсырмасы қалай жүзеге асырылғалы отырғанын жеткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Президент тапсырмасы: Бұқтырмаға көпір салу жұмысы қалай жүргізіліп жатыр

«Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпір құрылысы бойынша биыл сәуір айының соңына дейін республикалық бюджеттен қаржыландыру нақтыланатынын хабарлаймын. 2017 жылдың 7 желтоқсанында 01-0613/17 нөмірлі мемлекеттік сараптама нәтижесі алынған жобалық-сметалық құжаттамаға сай жобаның құны - 32 млрд теңге. Сондай-ақ, жергілікті бюджеттен мердігер мекемені анықтау мақсатында байқау шараларын өткізуге тиісті қаржы қарастырылып отыр», - деп жазды әкім Facebook-тегі парақшасында.

Даниал Ахметовтің мәлімдеуінше, қазіргі таңда паром сағат 07.00-ден 21.00-ге дейін кестеге сай қызмет етуде. Мұздың қалыңдығы 5-7 сантиметр, автокөлік қозғалысын шектеу үшін күзет қойылған.⠀

«Өңір тұрғындарын өзінің және өзгенің өміріне жоғары жауапкершілікпен қарауға шақырамын!» - деп жазды әкім.

Еске сала кетсек, былтыр Мемлекет басшысы Үкіметке Шығыс Қазақстан облысының әкімдігімен бірге Бұқтырма су қоймасы арқылы көпір салу үшін қаржы бөлу мәселесін қарастыруды тапсырған болатын.