ПРЕЗИДЕНТ ТАПСЫРМАСЫН ОРЫНДАУДА ҮКІМЕТ СӘТСІЗДІКТЕРІ: Шешім қабылдайтындардың бірде-бірі Мемлекет басшысы көрсеткен проблемалар бойынша жауапкершілікті өзіне алған жоқ
АСТАНА. 2 қараша. ҚазАқпарат - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бірқатар министрліктер мен ведомстволардың, жалпы алғанда Үкіметтің жұмысын қатаң сын тезіне алған ағымдағы жылдың 11 қазанындағы Үкіметтің кеңейтілген отырысынан кейін қазақстандық қоғам бірқатар нақты бағыттар бойынша нәтижелі жұмыстарды, атап айтқанда, біріншіден, министрлердің өздері жіберген қателіктерін ашық мойындауын, екіншіден, Үкіметтің Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындаудағы айқын көрсетілген жоспарын күткен еді.
Бірақ, өкінішке орай Министрлер кабинеті ел үмітін ақтай алмады. Мәселен, осы жайтты анық байқаған еліміздің тәуелсіз сарапшыларының бірі Нұрлан Ерімбетовтің атап өтуінше, Үкіметтегі шешім қабылдайтын бірде-бір адамның Қазақстан көшбасшысы «көзге шұқып» көрсетіп берген проблемаларға қатысты өзіне жауапкершілік алуға дәті жетпеді. Бұған қоса олардың нақты шешімін табуы үшін өз мойындарына жауапкершілік жүгін де ала алмады.
Сарапшының баса айтуынша, жоғарыда аталған Үкімет отырысындағы Елбасының сөйлеген сөзі халыққа Президенттің елдегі орын алып отырған ахуалдан, республикалық, сондай-ақ жергілікті жерлерде орын алып отырған жайттан толық хабардар екендігін көрсетті. Дегенмен, қоғамда шын мәнінде толғандыратын көптеген проблемалар әдеттегідей Үкімет мүшелері назарынан тыс қалып отыр. Тіпті, талқыланып, орын алған кемшіліктерді жоюға бағытталған нақты шешімдердің қабылданбайтындығын да атап өтуге болады.
Елбасы Н.Назарбаев көлеңкелі экономиканы төмендету бағытындағы шараларды күшейтуді тапсырған болатын. «Премьер-Министрге көлеңкелі экономика көлемін төмендету бойынша жұмыстардың барысы туралы маған тұрақты түрде баяндап отыруды тапсырамын», - деген еді Мемлекет басшысы. Елбасының осы тапсырмасына баса назар аударған тағы бір танымал сарапшы Марат Башимовтың атап өтуінше, расында да қазіргі таңда елімізде мұнайдың заңсыз айналымы шарықтап тұр. Әрине, еліміздің қаржы полициясы мұндай келеңсіздіктердің жолын кесуге бағытталған жұмыстарды жүргізіп жатқандығы да белгілі. Дегенмен, олар жасалған қылмыстарды тергеумен ғана айналысып, заңсыз мұнай жеткізілімдерінің жолын кесуге бағытталған жұмыстарды жолға қоя алмай отыр.
М.Башимовтың айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмаларына әр кезде де бас шұлғығанымен, оны орындауға келгенде тағы да Елбасының шұғыл араласуынсыз тыңғылықты атқара қоюы қиындау. Мәселен, сән-салтанатқа салынатын салықты арттыру туралы үкіметтің заң жобасы еліміздегі орта таппен қатар қатардағы қарапайым адамның да қалтасына ауыртпалық түсіріп, салық жүктемелерінің артуына әкеліп соғуы мүмкін еді. Мұндай жайтқа Елбасы жол бермеді. «Нұр Отан» партиясының 15-ші съезінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Нұр Отан» фракциясының салық салу мәселелері бойынша қағидатты ұстанымын, яғни орта тапқа салықтық салмақты ұлғайтуға жол беруге болмайтыны туралы ұстанымын өте дұрыс деп санайтындығын баса айтқан-ды. «Бізде шағын және орта бизнес өнімінің 20 пайыздан сәл ғана астамын өндірсе, біз қатарына қосылуға ұмтылып отырған дамыған елдерде бұл көрсеткіш 60-70 пайызға жетеді. Бізге орта және шағын бизнестің үлесін 50 пайызға дейін жеткізу керек. Сондықтан орта таптың негізін құрайтын кәсіпкерлікке жан-жақты көмектесу қажет. Осыдан бес жыл бұрын тапсырғанымдай, сән-салтанат заттарына, элиталы жылжымайтын мүлікке, қымбат автомобильдерге жанама салықтар енгізу қажет. Мұның сол сияқты алкоголь мен темекі бұйымдарына да қатысы бар. Бұл азаматтық және патриоттық ұстаным! Үкімет парламентарийлердің пікірлеріне құлақ түруі тиіс», - деген еді Елбасы.
Міне, осылайша Қазақстан көшбасшысының араласуымен ғана қарапайым халықтың қалтасын қағуға бағытталған заң жобасының нормалары түзетілді.
Дәл осындай жайт азаматтардың зейнеткерлікке шығу жасын көтеруге қатысты Үкімет бастамасы төңірегінде де орын алғаны есте. Әйелдердің зейнетке шығу жасын ерлермен теңестіреміз деп өре түрегелген үкіметтің аптығын да Елбасы басқандығы мәлім. Еліміздің Конституциясы берген өкілеттіктерін пайдаланған Мемлекет басшысы Мәжілістің де, Сенаттың да депутаттары бас шұлғып қабылдап жіберген Үкімет ұсынған зейнетақы жүйесі туралы жаңа заң жобасындағы әйелдердің зейнет жасын өсіру туралы норманы қайта талқылау үшін Парламентке қайтарып жіберген еді. Тек қайтарып жібермей, ҚР Президенті кесімді сөзінде нақты деректермен келтіргені есте. «Мен зейнет жасын кезең-кезеңмен ұзартуды 2014 жылғы 1 қаңтардан емес, 2018 жылғы 1 қаңтардан бастауды ұсынамын. Осыған байланысты Үкіметке халыққа қажет заң мәселелерін одан әрі пысықтап, дамытуды тапсырамын. Бірінші. Бала күтімі демалысы кезінде жұмыс істеуші әйелдердің міндетті зейнеткерлік салымына мемлекет есебінен қосымша төлемақы қамтамасыз етілсін. Екінші. Азаматтардың міндетті 10 процент зейнетақы шығысына жұмыс берушінің міндетті шығарылымы есебінен қосымша 5 процент енгізілсін. Үшінші. Міндетті кәсіби зейнетақы салымын кезең-кезеңмен тағы да 5 процентке көбейту керек. Бұл жайт айрықша және зиянды өндірістерде зейнеткерлікпен қамтамасыз етуді жақсартады. Сондай-ақ Үкіметке 2030 жылға дейін зейнеткерлікпен қамтамасыз ету жүйесін жаңғыртуды одан әрі жалғастыру жөнінде кешенді іс-шаралар әзірлеуді тапсырамын», - делінген еді Н.Назарбаев үндеуінде.
Міне осындай жайттардан кейін-ақ көптеген қазақстандықтардың көкейінде жүрген «Үкімет қайда қарап отыр?» деген сауалдың туындауы әділдік десек те болады.